Өртенген табыт, қосылмай қалған пеш: Алматыда крематорий ашылды

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Өртенген табыт, қосылмай қалған пеш және күл сақтайтын орын. Алматыда жыр болған крематорий ресми түрде жұмысын бастады. Қыруар қаржы жұмсалған крематорий қалай жұмыс істейді? Оның қандай пайдасы бар?

МӘЙІТТЕРДІ САҚТАЙТЫН ТОҢАЗЫТҚЫШ

Құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында аяқталған крематорий Алматының Алатау ауданында орналасқан. Бұл жерде крематорий бар екенін бірден аңғару қиын.

Журналистерді Алматы қалалық патологоанатомиялық бюро директоры Ардақ Әшіров күтіп алды. Ол нысанмен таныстыруды мәйіттер сақталатын тоңазытқыштан бастады. Оның сөзінше, крематорий тоңазытқышына бір уақытта 48 адамның мәйітін сақтауға болады.

«[Мәйіттерді] сақтау мерзімінде шектеу жоқ. Тіпті бір айға дейін сақтауға болады. Оның барлығы қайтыс болған адамның туыстарының қалауына байланысты. Мысалы, мәйіт бүгін түссе, кремацияны бір аптадан кейін немесе ертеңінде жасауына болады. Мәйіттерді сақтау үшін тоңазытқыш камерасында орын жеткілікті. Жалпы 48 орын бар», – деді ол.

Болашақта крематорий аумағында кремацияға қажетті заттарды сататын дүкен де болады. Оның ішінде табыт, кремациядан кейін күл салынатын арнайы құты, гүл сияқты заттар сатылады. Дүкен діни жоралғылармен айналысатын агенттіктерге беріледі. 

ҚОСЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ПЕШ

Бұған қоса, нысан аумағында арнайы жоралғылар өтетін бөлме де қарастырылған. Осы бөлмеге жапсарласа салынған бөлмеде кремациялық пеш орналасқан. Пештің қалай жұмыс істейтінін крематорий қызметкері Қайыржан Исабеков түсіндірді. Ол үшін табыт үлгісі дайындалған. Табыт арнайы платформаның үстіне қойылып, механизм іске қосылғанда оны көтеріп, пешке кіргізеді. Бірақ таныстыру барысында пеш іске қосылмай қалды. Оны крематорий қызметкерлері пештің қажетті температураға дейін әлі қызымауымен байланыстырды. Пеші шамамен 30-40 минуттан кейін қайта қосылды. 

«Пештің қызуы 800-1100 градус аралығында жүреді. Арнайы изоляцияланған пеш. Бірнеше бөліктен тұрады. Оны жағудың өзіне алдын ала 35 сағат дайындалу керек. 35 сағаттан кейін ғана біз мәйітті өртей аламыз», – деді Қайыржан Исабеков.

Қайыржан Исабеков кремациялық пешті пайдалану әдістерін Ресейдің Новосибирск қаласынан оқып, үйреніп келген. «Бір тәулікте 8 мәйітті кремациялауға болады» дейді ол. Бірақ крематорий жұмысын енді бастағандықтан оны нақты айту қиын. 

КРЕМАТОРИЙ БАР, КОЛУМБАРИЙ ЖОҚ

Патологоанатомиялық бюро экономисті Құралай Әбдіқанова крематорий салудың себебін қала қорымдарындағы жер тапшылығымен байланыстырды. Бірақ ол  Ulysmedia тілшісінің «Кремациядан шыққан күлді адамдар қайда жерлейді? Оны сақтайтын арнайы колумбарий жоқ, бәрібір оны жерлеу қажет болады? Крематорий салудың қандай қажеттілігі болды?» деген сауалдарына нақты жауап бере алмады.

«Бұл дәстүрлі жерлеуге қосымша тәсіл. Адамдарға діни, мәдени, экологиялық және жеке көзқарастарына қоштасу түрін таңдауға мүмкіндік береді. Ол біздің Алматы қаласында жер тапшылығы болғандықтан, кремация зираттарға түсетін жүктемені азайтады. Бұл бүкіл дүниежүзінде болғандықтан, бізде де салына бастады. Рұқсат берілді бізге.

Қазіргі уақытта бұл Қазақстандағы алғашқы крематорий болғандықтан, колумбарий салуға рұқсат сұралып жатыр. Бұл әкімдікте қарастырылып жатыр. Әрине салынған күл-пырақтарды бір жерге көму керек... Колумбарий салынса, әкімшіліктен жер бөлінсе, сол жерлерге жерленеді. Ол жерлер үлкен аумақты алмайды. Сол үшін осы крематорий салынды», – деді ол.

Крематорий аумағында да колумбарий бөлмесі бар. Бірақ оның аумағы үлкен емес. Құралай Әбдіқанованың айтуынша, қазір кремация жасататын адамдардың туыстарымен арнайы келісімшарт жасалады. Сол арқылы күлді бір жылға дейін крематорийдің колумбарий бөлмесінде сақтауға болады. Ал жеке колумбарийдің қашан салынатыны әзірге белгісіз.

Журналистердің “Алдағы уақытта крематорийде туған-туысы мен тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға кремация жасалмай ма? деген сұрағына, Ардақ Әшіров “Адамның өзінің жеке өтініші мен рұқсатынсыз ешкімге кремация жасалмайды” деп жауап берді. Оның сөзінше, кремация құны 240 мың теңге болады. Бірақ оған қажетті жоралғы заттарының құны кірмейді. 

«ЖЫР БОЛҒАН КРЕМАТОРИЙ»

Крематорий 2021 жылы желтоқсанда салынып, содан бері жұмыс істемей тұрған. Құрылысқа 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Биыл 24 қаңтарда Қазақстанда кремация жасауға ресми түрде рұқсат берілді. Құжатқа сәйкес, марқұмды жерлеу дәстүрлі түрде қабірге қою арқылы немесе кремация жасап, кейін күл салынған құтыны қабірге немесе колумбарийге орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Құтының өлшемі 400×400×300 мм-ден аспауы тиіс, ал колумбарийлер тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы тиіс.

Крематорийді қай мемлекеттік орган өз балансына алады деген де дау болған. Одан Денсаулық сақтау министрлігі бас тартқан. Ұлттық экономика министрлігі басқа ведомствоға сілтеген. Қалалық әкімдік те оны өз иелігіне алуға асықпаған. Ақыр соңында қалалық патологоанатомиялық бюро балансына өткен. Былтыр шілдеде мәжіліс депутаты Сергей Пономарев крематорийге барып, оның бос тұрғанын айтып шағымданған.