Мусин «Әділет» партиясының платформасы eGov порталында қалай орналастырылғанын түсіндірді

Қалижан Бектемір
Фото: видеодан скриншот

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин «Әділет» партиясының платформасы eGov мемлекеттік порталында қандай тәртіппен орналастырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОЛ НЕ АЙТТЫ?

Оның айтуынша, партия мемлекеттік платформаға шығу үшін басқа ұйымдар қолданатын стандартты рәсімнен өткен.

Партиялық платформаны eGov жүйесіне орналастыру мәселесіне келсек, біз алдымен өз ұсынысымызды жолдадық. Ол қаралып, тиісті рұқсат берілді. eGov порталында өз қызметін немесе ұсынысын орналастыруға кез келген ұйымның, банк немесе басқа да құрылымдардың мүмкіндігі бар. Мұндай мәселелер заңнама аясында реттелген, – деді Бағдат Мусин.

Ол мемлекеттік платформаның түрлі ұйымдардың сервистерін орналастыруына ашық екенін және бұл бағытта арнайы талаптар мен рәсімдер қарастырылғанын атап өтті.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, бұған дейін өткен «Әділет» партиясының II съезінде делегаттар партияны Amanat партиясымен біріктіру туралы шешімді қолдаған болатын. Дауыс беру нәтижесі қатысушылардың қолдауына ие болды.

Съезд барысында Ulysmedia.kz тілшісі партия саяси бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлынан не себепті шараға Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер қатыспағанын және бұл ірі бизнестің партияны қолдамайтынын білдіре ме деген сауал қойған. Партия өкілдері бұл мәселеге де түсініктеме берген болатын.