Алматыда тексеру жүргізілген мектептер мен балабақшалардың барлығында дерлік санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өткен жылы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 460 білім беру және тәрбие нысандарын тексерген: 247 тексеру жоспарлы, 213-і жоспардан тыс жүргізілді.
Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша 42,4 млн теңге сомасында 227 әкімшілік айыппұл салынды.
Тексеру кезінде ведомство санитарлық ережелердің келесі бұзушылықтарын анықтаған:
оқу кабинеттерінде жарықтандыру бойынша жүргізілген зертханалық зерттеулер нәтижелерінің сәйкес келмеуі;
су сынамаларын зерттеу кезінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік;
ЖОО жатақханаларында бір адамға арналған тұрғылық жер ауданының талапқа сәйкес келмеуі;
санитарлық-дезинфекциялық режимді бұзу.
“Бұзушылықтарды жою туралы 204 нұсқама берілді. Оның 148-і орындалды, 56-сы орындалу үстінде. Сондай-ақ экономикалық және әкімшілік соттарға үш нысан бойынша материалдар жіберілді. Соттар санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің пайдасына шешім шығарды”, – делінген департамент хабарламасында.