Елімізде жұмысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді

Ulysmedia коллажы

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Төлем мерзімі адам үшін қанша ай бойы әлеуметтік аударым жасалғанына байланысты болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті өзгерістерді 2026 жылғы 9 қазандағы №398 бұйрықпен бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қанша уақыт төлем жасалады

Жұмыс беруші қызметкер үшін әлеуметтік аударымдар төлейді. Бұл қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түседі. Адам жұмысынан айырылған жағдайда оған осы қордан әлеуметтік төлем беріледі.

Жаңа ережеге сәйкес, адам үшін 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударым жасалса, төлем бір айға тағайындалады. Ал аударымдар 12 айдан 24 айға дейін жүргізілсе, төлем екі ай бойы беріледі. 24 ай және одан да көп уақыт аударым жасалған жағдайда төлем мерзімі үш айды құрайды.

Төлем мөлшері жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспауға тиіс. Есептеу кезінде адамда төлем алу құқығы пайда болған күні қолданыста болған ең төменгі жалақы мөлшері ескеріледі.

Оқу төлем алуға кедергі болмайды

Әлеуметтік төлем алу құқығы пайда болған күннен бастап тағайындалады. Бұл ретте адамның кәсіптік оқудан өтуі ескерілмейді. Егер жұмыссыз азамат оқу курстарына қатысса да, оған төленетін әлеуметтік төлем тоқтатылмайды.

Контекст

Бұған дейін 2027 жылғы қаңтардан бастап қазақстандық әйелдерге жұмыс істей отырып, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы алуға рұқсат берілетіні белгілі болған еді. Мұндай шектеу 2023 жылғы наурыздан бастап қолданыста болды.

Жәрдемақы алу үшін өтінішті тек бір рет беруге болады. Төлемнен бас тартып, жұмысқа шығып кеткен әйелдерге оны қайта рәсімдеуге рұқсат етілмейді.