Қарағанды балабақшасында 2 жасар баланың күйіп қалуы: қылмыстық іс қозғалды

Ulysmedia

Қарағандыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеленушінің термиялық күйік алуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ekaraganda.kz-тің жазуынша, оқиға туралы әлеуметтік желіде зардап шеккен баланың ата-анасы жазған.

«Біздің отбасымызда қиын жағдай. Екі жасар ұлымыз баратын Октябрьская көшесі, 125 мекен-жайында орналасқан «Kiddy land» жеке балабақшасы қызметкерлерінің айтуынша, олар ұлымызды жуындырмақ болады. Сол кезде қараусыз қалған бала 2-3 дәрежелі термиялық күйік алып, денесінің 4 пайызы зақымданған. Ұлым әлі оңалту сатысында. Біз кінәлілер жазасын алуы үшін әділеттілікке қол жеткізуге тырысамыз. Сондай-ақ, ата-аналарға ескерту жасағымыз келеді. Бейтаныс адамдарға балаңызды сеніп тапсырмас бұрын өте мұқият болыңыз», - дейді қала тұрғыны.

Сондай-ақ, фотосуреттер мен видеоларды қоса жариялайды.

«Мектепке дейінгі мекемеде екі жасар баланың күйіп қалу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 1-бөлігі (Жұмыстарды орындау не тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ал, облыстық білім басқармасы аталған балабақша ведомство балансында еместігін мәлімдеген.