Алматы колледжіне 3 рет "бомба қойылды": телефон террористерін неге дандайсытып жібердік?

Ғалиасқар Думан

Алматыда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жанындағы колледжіне бір аптада үш рет жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото, ашық дереккөзден

Алматы қалалық Полиция департаменті мәлім еткендей, қаланың жедел және төтенше жағдайлар қызметтері алғашқы ден қою шаралары аясында білім мекемесіне тексеру жүргізді. Оқушылар мен ұстаздар эвакуацияланды.

Тәртіп сақшылары колледж ғимаратын тексеру кезінде жарылыс құрылғыларын тапқан жоқ. Телефон террорисін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Телефон терроризмі деген не?

Телефон терроризмі – дайындалып жатқан терроризм актісі немесе салынған құрылғы туралы көрінеу жалған хабарлау. Мамандардың айтуынша, мұндай хабарларды елеусіз қалдыруға болмайды.Адамдардың қауіпсіздігі үшін міндетті түрде тексеру жүргізілуі қажет. Әдетте, аталған фактілерді тексеру көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтер, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары барады. Кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады. Бұл күш пен құралдардың айтарлықтай ауытқуына әкеледі, тексерілетін коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайды, терролық шабуыл туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін.

Телефон террорисінің әлеуметтік портреті қандай?

ІІМ мәліметінше, жүргізілген талдаулар бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламаны адамдар көбіне еріккеннен, әзіл ретінде немесе мас күйде жасайды екен. Себептері де әр түрлі: кек алу, бұзақылық, мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау, құқық қорғау органдарының жұмысын тексеру. Кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Олар достарының арасында өзін батыр екенін көрсеткісі келеді, кейбірде үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін осылай істейтін көрінеді.

Жалған хабарламалар бергені үшін сотталғандардың 48-ден 55 пайызға дейіні қылмыс жасаған сәтте қатты мас болған. Мұндай қылмыстардың 88 пайызын жұмыссыздар жасаған, тек 9 пайызын жұмыс істейтін азаматтар жасапты, ал 3 пайызы – мектеп, гимназия, лицей оқушылары. "Әзілқойлардың" орташа жасы – 30 бен 49 жас арасы, олар жыл сайын осы санаттағы қылмыстың 55 пайызын жасаған. Бірақ, олардын арасында 18 бен 29 жас аралығында жастар да кездеседі, олар 27 пайызды құрайды.

Жазасы қандай?

Бас прокуратура мәліметінше, өткен жылы жарылғыш зат туралы жалған хабар таратқан  25 адам сотталды. Мысалы, 2022 жылғы шілдеде Қостанай облысының тұрғыны өз көршісінен кек алу мақсатында электрондық поштасын бұзып, оның атынан Астана және Алматы қалаларының 13 нысанындағы (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жібергені үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, Алматы облысында құрдастарымен бәстесіп электронды пошта арқылы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жасар бала анықталып, полицияға жеткізілді. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған үшін оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды.

Терроризм актісі жайлы жалған хабар таратқаны қылмыстық жауапкершілікке тарту 14 жастан басталады.

ҚР ҚК 273-бабы бойынша телефон террористеріне бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстары түріндегі жаза, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген.

Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Арнайы қызметтердің мұндай жалған шақыруларға бір шығуына 200-ден 300 мың теңгеге дейінгі қаржысы жұмсалады, ал кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқтап қалуынан келген залал миллиондаған теңгемен есептеледі. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

Бұдан бұрын Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін «ауыр» санатқа жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі) туралы мәселе пысықталып жатқаны хабарланған.

Айта кетейік, ақпан айының басында Өскемен мектептеріне жарылғыш зат қойылғаны жайлы жалған хабарламалар толастамай, қала оқушылары 10 күн бойы сабақ оқудан қалған.