Парламент депутаты Аманжол Әлтай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қоғамда діни дау шыққанда солқылдақтық танытады деп сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Діни басқармада солқылдақтық көп. Көп мәселеге келген кезде діни басқарма мүфтиден бастап имамдарға дейін нақты ойын айтудан тайсақтайтын тұстары бар. Сол кезде қоғам әртүрлі сұрақтарға тап болады. Сондықтан, осындай мәселелерге келген кезде біздің діни басқарма белсенді рөл атқаруы керек. Нақты ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі Исламның құндылықтарын сақтап, жат ағымдарға бой бермейтін, ғасырлар бойы қалыптасқан Ислам мәдениеті негізінде дін қызметкерлері дұрыс жұмыс істеуі керек», - деді депутат Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Аманжол Әлтай теріс ағымдар тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп ата жолынан адастыруға тырысып, тамырымызға балта шауып жатыр деп есептейді. Премьер-министрге сол себепті депутаттық сауал жолдады. Үкімет нақты қадамдар жасауы керек деп мәлімдеді.
«Танымымыз тарылып, нанымымыз лайланып, қоғамның түсінігі қырыққа бөлінуде. Меніңше, біздің мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз әлдеқашан келді. Үкімет осыны ойлап, нақты қадамдар жасауы тиіс. Сөзімнің түйіні! Халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салмасақ болмайды.», - дейді депутат.