Семейде белсендіні «Оян, қазақ!» фильмінен кейін сөйлеген сөзі үшін сотқа тартқалы жатыр

Ғалиасқар Думан

Семейлік белсенді "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмнінен кейін кинотеатрда көпшілік алдына шығып сөйлеген сөзі үшін сотталғалы жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Facebook

Бұл туралы журналист Аян Қалмұрат мәлімдеді.

“Бұл жігіттің есімі — Елдос Досанов. Семейлік белсенді азамат. 4 қазанда «Оян, қазақ!» фильміне барып, «қатты рухтанады». Фильмнен соң бәрінің алдына шығып сөйлейді. «Қазақтың жүз жыл бұрынғы тарихы қайталанып жатыр. Билік қазір де қудалап жатыр. Сахараны жүгіріп өткен Марат Жыланбаевты бес айдан бері түрмеде ұстап отыр» дейді. Екі аптадан соң, 17 қазанда үйіне полицейлер келіп, Елдостың үстінен әлдекім «митингіге шақырды» деп арыз жазғанын айтады. Кинозалдағы сөзі үшін түсініктеме жазып беруді талап етеді. Елдос оған келіспей, жазудан бас тартқан. Енді оны «құқық қорғау орган қызметкерінің заңды талабына бағынбады» деп айыптап, әкімшілік сотқа тартып жатыр”, – деп жазды журналист.

Белсенді айыпты полиция «ойдан құрастырған» деп есептейді.

Досановтың соты 20 қазанда өтеді. Оған 103 500 теңге айыппұл салынуы не 15 тәулікке қамалуы мүмкін.

Еске салайық, бұдан бұрын әлеуметтік желіде қазақстандықтар ел кинотеатрларында "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің көрсетілімі тоқтатылғанына наразылық білдіріп, туындыны прокаттан алу туралы тапсырманы кім беруі мүмкін екенін болжаған.

"Жаңа ғана прокаттан "Міржақып. Оян, қазақ! " фильмі алынғанын білдім! Естігеніме сенбей, барлық онлайн кассаларды тексердім – расында да, жоқ екен. Мен мұндай бұйрықтардың тамыры ең жоғары кабинеттерден шыққанына сенімдімін. Тек қайсысынан екенін нақты айта алмаймын", - деді Алматы тұрғыны.

Желідегі шудан кейін «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің кинотеатрлардағы көрсетілім мерзімі тағы бір аптаға ұзартылды.

Фильм көрерменге 21 қыркүйекте жол тартқан болатын. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұсынған фильмнің сериал нұсқасы бұған дейін көпшілік көрерменнің ықыласына бөленген. Туындыда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды.

Ұлт тарихы, Алаш тақырыбында мұндай туындылар сирек жарыққа шығады. Фильм шыққалы оны әлі келгенше жарнамалап, туындыны көруге үндегендердің көптігінен тарихты түгендеуде жалпы жұрттың ынтасы зор, мүддесі ортақ екенін аңғарамыз. Жуырда Ulysmedia.kz тілшісі режиссері әрі осы туынды сценариінің авторларының бірі Мұрат Есжанмен сұхбаттасқан болатын.