Қазақстанның 5 облысында халықаралық деңгейдегі хирургия бөлімдері салынды

Ulysmedia

«Сәби» қайырымдылық Қоры Атырау қаласында бесінші жоғары технологиялық Шұғыл балалар хирургиясы бөлімшесін ашты.

Бұл қордың «Шұғыл балалар хирургиясы» жобасы аясында жүзеге асырып жатқан ең үлкен нысан болды. Мекемеде ең күрделі хирургиялық операцияларды жасауға мүмкіндік беретін озық медициналық жабдықтары орнатылған үш операциялық блок жасалды. Нысанның құны 569 млн теңгені құрады. Жөндеу жұмыстарының ауданы 900 шаршы метр болды.

Қор Алматыда 2019 жылдың мамыр айында алғашқы Шұғыл хирургия бөлімін ашты. Екіншісі – 2020 жылдың қаңтарында Семей қаласында ашылды. Үшіншісі – Ақтауда 2021 жылдың маусымында, ал төртіншісі Петропавлда 2022 жылдың ақпанында іске қосылды. Жобаның жалпы бюджеті 1 млрд 636 млн теңгені құрады.

«2002 жылы «Сәби» Қоры ашылған уақыттан бері медициналық бағыт әрқашан басым бағыттардың бірі болды және болып қала береді. Қордың «Медициналық жобасы» облыстық медициналық мекемелерден бастап ауылдық шағын емханаларға дейін Қазақстанның барлық аймақтарын қамтиды. Оның ішінде ауруханаларды жөндеу және қайта құру, жабдықтау және мамандарды даярлау, дәрі-дәрмек сатып алу және дәрігерлерге қолдау көрсету жатады. Біз екі жаққа – дәрігер мен науқасқа барынша қолайлы жағдай жасаймыз», – деп «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова өз ойын бөлісті.