Елімізде 8 млрд теңгеден астам борышы бар 5,7 мыңға жуық адам банкрот деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті. Оның айтуынша, 3 наурыздан бері банкроттыққа 69 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
«Оның 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеуі. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,7 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды», - деді министр.
Жамаубаев сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін 1 200-ге жуық адам сотқа жүгінгенін атап өтті. Алайда кейбір азаматтар кейбір заңнамалық кедергілер салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр. Осыған байланысты министрлік заңнамаға келесідей түзетулер енгізуді ұсынып отыр: соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту; азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.
“Банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шеше бермейді, көпшілігі банкроттықтың салдарын жақсы түсінеді. Бұл жерде 5 жылға дейін жаңа несие ала алмайды, үш жылға дейін қаржылық жағдайын тиісті органдар мониторингтен өткізеді. Бұл жерде түсіндіру жұмыстары оң ықпал етеді”, – деді қаржы министрі.
Еске салайық, президент Тоқаев 2022 жылғы 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін және банкроттықты қалпына келтіру туралы" ҚР Заңына қол қойды.
2023 жылдың 3 наурызында азаматтардың банкроттық туралы өтініштерін қабылдау басталды.
Бұдан бұрын қаржы вице-министрі Ержан Біржанов күніне 150-ге тарта адам банкрот мәртебесін алуға өтініш беретінін мәлімдеген.