«Қателіктерді ұмытпаған жөн»: Тоқаев Назарбаевтың тарихи рөлі туралы айтты

Ғалиасқар Думан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде мемлекеттің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құрып жатқанымызды еске салып, өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру қажеттігін айтты.

«Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс.

Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді», – деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы ел тарихындағы қателіктерден сабақ алу керектігін айтты.

«Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс», – деді ол.

Еске салайық, жуырда Назарбаев "Самұрық-Қазына" қорын басқару жөніндегі кеңес төрағасы лауазымынан айырылды.

Сондай-ақ, шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты өз атымен аталатын мектептер, ЖОО және қордың жоғарғы кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңға қол қойды.

Бұдан бұрын әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстан заңдарын тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мәртебе мен артықшылық беретін нормалардан "тазарту" процесі жалғасып жатқанын мәлімдеді.