Қазақстан инвестор тарту үшін бар мүмкіндігін жұмылдырмақ. Президент тапсырмасына сәйкес, елге инвестиция тарту жөніндегі негізгі шешімдерді енді «Бәйтерек» холдингі қабылдайды. Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің де атын атады. Алайда атауының өзі атқаратын қызметін аңғартатын KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы туралы жақ ашпады.
Ulysmedia.kz мемлекетке мұндай құрылым не үшін қажет болғанын, оның нақты немен айналысатынын және осы уақытқа дейін елге қанша инвестиция тартқанын анықтап көрді.
ИНВЕСТОРҒА ЖОЛ КӨРСЕТЕТІН КІМ?
Президент жолдауында «Бәйтерек» холдингі инвестиция тартудың жаңа жүйесінде қандай міндет атқаратынын нақтыламады. Дегенмен елімізде инвестор тарту және оған жан-жақты қолдау көрсету ісінде жүйелілік жоқ екенін атап өтті.
Осы тұста KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының басшысы Сұлтанғали Кенжеқұловтың есімін де еске алған жөн. Өйткені инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіп, жол сілтеуі тиіс құрылым – осы компания.
Мәселен, Қазақстанға алғаш рет келген шетелдік кәсіпкер жергілікті заңнама мен мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін білмейді делік. Жер телімін бір мекемеден, электр желісіне қосылуды екіншісінен, ал инвестициялық жеңілдіктерді үшіншісінен сұрауы керек. Осындайда KAZAKH INVEST көмекке келіп, кәсіпкерге елдегі жұмысын жоспарлауға жәрдемдесуі тиіс.
Алайда мемлекеттік «Бәсекелестікті қорғау және дамыту тұжырымдамасын» әзірлеушілер KAZAKH INVEST өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың функциясын қайталайтынын айтқан. Соған қарамастан, ӘКК-лер де жұмысын жалғастырып келеді, KAZAKH INVEST те тұрақты қаржыландырылып отыр.
KAZAKH INVEST НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ?
Ұлттық компания қазіргі құрылымы бойынша 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі міндеті – экономиканың басым салаларына шетелдік инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету.
KAZAKH INVEST-тің қаржылық есебіне сүйенсек, 2024 жылы компанияның кірісі 2 млрд 678,7 млн теңге болған. Оның қызметін сатып алатын жалғыз тапсырыс беруші – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті.
Комитет компанияға:
Ал компания негізгі қызметке тікелей қатысы бар қызметкерлердің жалақысына, салықтары мен аударымдарына 945,7 млн теңге жұмсаған. Әкімшілік шығындары тағы 255,2 млн теңге болған. Екеуін қосқанда, шамамен 1,2 млрд теңге шығады.
Бұдан бөлек, форумдар мен конференциялар өткізуге 417 млн теңгеге жуық, шетелдегі өкілдердің қызметіне 480,3 млн теңге, көрмелер мен өзге де инвестициялық іс-шараларға қатысуға 92,4 млн теңге жұмсалған. Негізгі қызмет пен әкімшілік жұмысқа байланысты іссапар шығындары 116 млн теңгеден асқан. Кеңсені жалға алу құны шамамен 127 млн теңге болған. Ал инвесторларға қолдау көрсетуге 73,6 млн теңге бөлінген.
НӘТИЖЕ БАР МА?
KAZAKH INVEST өз қолдауымен жүзеге асқан жобалар туралы мәлімет жариялап отырады.
Компанияның дерегінше, 2024 жылы жалпы құны шамамен 1,3 млрд доллар болатын 45 жоба іске қосылып, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. 2021 жылы компанияның қолдауымен құны 3,8 млрд доллардан асатын 57 жоба, ал 2022 жылы шетелдік қатысуы бар 4,1 млрд долларлық 46 жоба жүзеге асқан.
Бұл сандарды компанияның жыл сайынғы шығынымен салыстырсақ, оның жұмысына жұмсалған әр теңге экономикаға бірнеше есе қайтарым әкелгендей көрінеді. Бірақ мұнда ескеретін бір жайт бар. KAZAKH INVEST сүйемелдеген жобаның жалпы құны мен компанияның тікелей күш салуы нәтижесінде елге тартылған инвестиция көлемі бірдей емес.
Мысалы, шетелдік компания Қазақстанда зауыт салуды өзі шешті делік. Нарықты зерттеп, елді таңдап, қаржыландыру көзін тапты. Ал KAZAKH INVEST оған рұқсат құжаттарын рәсімдеуге және инфрақұрылымға қосылуға көмектесті. Мұндай жағдайда зауыттың толық құнын ұлттық компания тартқан инвестиция деп есептеуге бола ма?
Ал егер KAZAKH INVEST өкілі шетелден компания тауып, Қазақстанға инвестиция салуға көндіріп, келіссөздер ұйымдастырып, жобаны іске қосылғанға дейін сүйемелдесе ше?
Екі жағдайдың да өз орны бар. Бірақ компанияның қай жобаларда тек сүйемелдеуші болғанын, ал қайсысына инвесторды өзі тауып, елге тартқанын білгіміз келеді.
Бұл мәселені Ulysmedia.kz бұған дейін де көтерген. 2022 жылы редакция KAZAKH INVEST-тен компанияның көмегімен жүзеге асқан нақты жобалардың тізімін сұраған.
Ұсынылған тізімде Маңғыстау облысында салынған, құны 4,8 млн доллар болатын құрама жем зауыты да болған. Алайда кәсіпкер редакцияға KAZAKH INVEST-ке шынымен жүгінгенін, бірақ компания арқылы қаржыландыру мәселесін шеше алмағанын айтқан. Ақырында ол мәселені өз күшімен шешуге мәжбүр болған.
Бұл – редакцияға белгілі болған бір ғана жағдай. Ал мұндай мысалдар аз болмауы мүмкін.
ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТАТЫН КОМПАНИЯНЫ КІМДЕР БАСҚАРДЫ?
KAZAKH INVEST құрылғаннан бері компания басшылығы бірнеше рет ауысқан. Бір айта кетерлігі, оған дейін KAZNEX INVEST агенттігі жұмыс істеген. 2017 жылы ол қайта құрылып, ұлттық компанияға айналды.
Алғашқы басшысы Мақсат Қабашев болды. Ол бұған дейін қаржы саласында еңбек етіп, «Альянс Банк» пен Қазақстан қор биржасын басқарған, «Қазақстан темір жолында» басшылық қызметтер атқарған. Алайда жаңа ұлттық компанияның тізгінін бір жылға де жетпей босатты. 2017 жылғы наурызда тағайындалып, сол жылдың қарашасында орнын Сапарбек Тұяқбаевқа берді.
Тұяқбаев оған дейін Президент әкімшілігінде жұмыс істеген, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және Инвестициялар комитетінің төрағасы болған. KAZAKH INVEST-тен кеткен соң Алматы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Оның орнына Бауыржан Сартбаев келді. Ол бұған дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мен «Қазастықтранста» еңбек етіп, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілі болған.
Кейін компанияны Мейіржан Юсупов басқарды. Ол «Самұрық-Қазына», «Қазатомөнеркәсіп» пен Ұлттық экономика министрлігінде қызмет атқарған. KAZAKH INVEST-тен кейін «Қазатомөнеркәсіпке» оралып, басқарма төрағасы болды.
Одан соң Ержан Елекеев басшылыққа келді. Оның мұнай-газ саласында, «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінде жұмыс тәжірибесі бар. 2025 жылы дипломатиялық қызметке ауысып, Қазақстанның Кувейттегі елшісі болып тағайындалды.
2025 жылғы қазаннан бері KAZAKH INVEST-ті Сұлтанғали Кенжеқұлов басқарады. Білімі мен еңбек жолы дипломатиямен ұштасқан Кенжеқұлов ұзақ жылдар бойы Қытай бағытында жұмыс істеген, соның ішінде Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінде қызмет атқарған. 2017–2019 жылдары KAZAKH INVEST-тің Қытайдағы өкілі болған. Кейін елшілікте сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелермен айналысқан. Ал ұлттық компания басшылығына тағайындалғанға дейін Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Яғни қазіргі басшы инвестиция тарту қызметіне тапсырыс беретін мемлекеттік органның да, сол қызметті көрсететін компанияның да жұмысын жақсы біледі.
КОМПАНИЯҒА НЫҒМАТУЛИНДЕРДІҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?
KAZAKH INVEST-ке дейінгі KAZNEX INVEST агенттігінің тарихында да назар аударарлық кадрлық жайттар болған. Бұған дейін журналистер агенттікте Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрланов пен жиені Аскар Арыновтың жұмыс істегенін жазған.
Нұрланов Азия елдерімен өңірлік ынтымақтастық қызметінде менеджер болып бастап, кейін инвестициялық ынтымақтастық департаментінің директоры және өңірлік ынтымақтастық қызметінің басқарушы директоры қызметтерін атқарған. Арынов та агенттікте басқарушы директор болған.
Әрине, туыстық қатынас адамның кәсіби қабілетін де, қызметке тағайындалу себебін де айқындамайды. Дегенмен ұлттық компанияның кадрлық тарихы – Қазақстанда даму институттары қалай құрылғанын, оларға кімдер келгенін және кейін қайда ауысқанын көрсететін жайттардың бірі.
ИНВЕСТОРЛАР НЕГЕ АЗАЙЫП БАРАДЫ?
Инвестор мен Қазақстан экономикасының арасындағы негізгі көпір болуға тиіс компанияның елге тартылатын инвестициялардың болашағы жайлы талқыда аталмауы да оның қызметіне қатысты сұрақтарды көбейтеді.
Қазақстан инвесторлары қауымдастығының талдауына сәйкес, елге тартылатын жеке инвестиция көлемі азайып келеді. Оның үстіне, жеке инвесторлар өз қаражатын салғаннан гөрі қарыз ақшаға сүйеніп инвестиция құюды жиілеткен.
Бұл мәселеге Integrity Astana жеке мекемесінің директоры, экономист Жанат Нұрғалиев те назар аударды.
– Мұндай үрдістің бір себебі – бұған дейінгі ең ірі инвестицияларымыз мұнай саласына, нақтырақ айтқанда, Теңіз кен орнын кеңейту жобасына тиесілі болды. Қазір ол жоба аяқталып келеді, ал оның орнын басатын дәл сондай ауқымды жобалар жоқ. Бұған халық санының аздығы мен жаһандық үрдістер сияқты басқа да объективті факторлар әсер етеді. Сонымен бірге заңнаманың жетілмегенін, оның жиі өзгеретінін, сыбайлас жемқорлық пен қарапайым бюрократиялық кедергілерді де ескермеуге болмайды. Біз инвестиция салу жөніндегі меморандумдарға қол қойылғанын жиі естиміз. Демек, шетелдік те, отандық та капиталдың Қазақстанға келуге ниеті бар. Бірақ іс жүзінде жобалар жүзеге аспай қалады, – дейді ол.
«БӘЙТЕРЕК» НЕГЕ АЛҒА ШЫҚТЫ?
Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, қазір инвестормен жұмыс істеу міндеті бірнеше құрылымға бөлінген. Олардың қатарында Сыртқы істер министрлігі, KAZAKH INVEST, Ұлттық экономика министрлігі, әкімдіктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бар.
Экономистің болжамынша, «Бәйтеректің» рөлін күшейтуге Қазақстанның инвестиция тартуда несие тетігін де пайдалануға ниетті болуы себеп.
– «Бәйтерек» құрылымына Қазақстанның Даму банкі, «Даму» қоры, Өнеркәсіпті дамыту қоры және басқа да ұйымдар кіреді. Олардың барлығы түрлі сала мен өңірдегі жобаларға қолдау көрсетіп, қосымша қаржыландыру ұсына алады. Қазіргі жағдайды ескерсек, бұл қадам орынды деп ойлаймын, – дейді ол.
Экономист Арман Бейсембаев та инвестиция тарту ісінде «Бәйтеректің» рөлін күшейтуді жөн санайды.
Оның пікірінше, 2027 жыл Қазақстан үшін инвестиция тұрғысынан күрделі кезең болуы мүмкін.
– Ұлттық банк жыл бойы carry trade операцияларына қатысатын инвесторлар көп емес деп сендіріп келеді. Бірақ оған сену қиын. Өйткені биыл Қазақстан экономикасына инвестиция салғандай көрініп, шын мәнінде жоғары пайыздық мөлшерлеме мен теңгенің нығаюынан пайда табу өте тиімді болды. Егер менің күдігім рас болса, енді бұл инвесторлар Қазақстаннан кете бастайды. Сөйтіп, инвестиция жаппай сыртқа ағылуы мүмкін, – дейді экономист.
Бейсембаевтың айтуынша, «Бәйтерек» холдингі бұған қоса «Халықтық IPO» емес, «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін қаржыны үлестіруге қатысады, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға арналған триллиондаған теңгені басқарады және жеңілдетілген несие береді. Сонымен қатар холдинг нақты секторды қаржыландыру үшін шетелдік нарықтардан өзі де қарыз тартады.
– Мұның бәрін қосқанда, өте үлкен қаржы айналымы шығады. Мұндай ауқымды жұмысты атқара алатын ұйым көп емес. Ал «Бәйтеректе» бұрын жүзеге асырған жобаларының арқасында тиісті тәжірибе мен біліктілік бар, – дейді ол.
МЕМЛЕКЕТТІК КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ДӘУРЕНІ АЯҚТАЛА МА?
Ал инвестиция тартуға жауапты өзге мемлекеттік құрылымдардың болашағы не болмақ?
Жанат Нұрғалиевтің пікірінше, Президент мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімсіздікті орынды көтерген. Егер «Бәйтерекке» әкімдіктер мен KAZAKH INVEST-тен нақты нәтиже талап ету құқығы берілсе, жұмыс жүйеленуі мүмкін.
– Менің білуімше, қазір KAZAKH INVEST негізінен Қазақстанды шетелде таныстырумен айналысады: тұсаукесерлер өткізеді, роуд-шоу ұйымдастырады, әлеуетті инвесторлардың тізімін жасап, өңірлерге жібереді. Ал одан кейін нақты жұмыс жүргізу әкімдіктерге жүктеледі. Бірақ жіберілген тізіммен не болып жатқанына ешкім қызықпайды. Оның бастапқыда қаншалықты сапалы жасалғанын да ешкім тексермейді. Сөйтіп, бәрі жауапкершілікті бір-біріне ысыра салады, – дейді экономист.
Арман Бейсембаевтың ойынша, министрліктер мен ведомстволар жанынан құрылған, бір-бірінің міндетін қайталайтын көптеген мекеме әлдеқашан жайлы қызмет орнына айналған. Енді олардың жұмысына талап күшеюі мүмкін.
– Президент өз жолдауында шенеуніктерді маңызды жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп, істі созбалаңға салғаны үшін бірнеше рет сынға алды. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін түгел өзгерту қажеттігін айтты. Меніңше, бұл өз қажеттілігін дәлелдей алмаған құрылымдар қайта ұйымдастырылуы мүмкін деген емеурін болды, – дейді ол.
Әзірге министрліктердің қарамағындағы тиімсіз еншілес ұйымдардың нақты атауы аталған жоқ. Бәлкім, бұл олардың Қазақстанға шын мәнінде пайдасын тигізуге берілген соңғы мүмкіндігі шығар?
Ulysmedia.kz KAZAKH INVEST басшылығынан компанияның инвестиция тарту жүйесіндегі рөлі туралы пікір сұраған. Алайда арада екі апта уақыт өсе де, редакцияның сауалына жауап келген жоқ. Компания басшылығы жауап берген жағдайда редакция міндетті түрде жариялайды және бұл тақырыпты әрі қарай да көтереді.