Дүниежүзілік банктің президенті Аджай Банга Израиль мен Хамас арасындағы соғыс бүкіл әлемдегі экономикалық дамуға "ауыр" соққы жасауы" мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сауд Арабиясындағы инвесторлар конференциясында сөйлеген сөзінде Банга осылай деген.
– Жақында Израиль мен Газа секторында болған оқиға, ақыр соңында... Экономикалық дамудың салдары одан да ауыр болады деп ойлаймын. Менің ойымша, біз өте қауіпті кезеңдеміз, — деді ол.
Соғыс Израиль экономикасына әсер етіп, Израиль банкін өсім болжамдарын төмендетуге мәжбүр еткен. Әлемде қақтығыс қазіргі шекарадан шығып, аймақтық соғысқа айналуы мүмкін деген қауіп күшейіп келеді.
Айта кетейік, 7 қазаннан бері бүкіл әлем Таяу Шығыстағы соғысқа көз тігіп отыр. ХАМАС пен Израильдің қақтығысынан мыңдаған бала құрбан болды. Газа секторының бейбіт тұрғындары қырылды, үй-күйсіз қалды. Израиль соғыстың бірнеше айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматының қаза тапқаны хабарланған.
ҚР СІМ ақпаратынша, 2023 жылғы 22 қазанда Газа секторын атқылау салдарынан Қазақстан азаматы қаза болды. Онымен бірге Палестина азаматы болған оның 23 жастағы қызы да қайтыс болған.
“Отандасымыз Газа секторында Палестина азаматы болып табылатын күйеуімен бірге ұзақ уақыт бойы тұрды” - делінген хабарламада.