Қорқынышты статистика: Қазақстанда күн сайын қанша бала зорланатыны айтылды

Ғалиасқар Думан

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған. Олардың 719-ы – кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты қылмыстар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мұндай қорқынышты статистика жөнінде "НеМолчи" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі пікір білдірді. Ол біздің елімізде күн сайын екі бала зорланатынын атап өтті.

– Бұл – бізге белгілісі ғана. Біз туралы тағы қанша адам білмейді екен немесе тағы қанша ата-ана көмек сұрамады екен деп үнемі ойланамыз, – деп атап өтті Таңсәрі.

Ол сондай-ақ соңғы бір жарым ай ішінде қордың сенім телефонына Қазақстанның жүздеген азаматы қоңырау шалғанын айтты. Ұйым баланы өлтірудің 2 дерегін, кәмелетке толмағандарды қудалаудың – 18, балабақшаларда, мектептерде және тұрғын үй массивтерінде ұрып-соғудың – 30, сондай-ақ баланы зорлаудың – 15 оқиғасын тіркеген.

Еске салайық, халыққа жолдауында президент Тоқаев кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырған.

Жуырда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату үшін Қылмыстық кодекске бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды.