Қазақстанда жаңа университет ашылады

Айнель Аянова

Келер жылы Қазақстанда қазақ-француз университеті ашылады. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізгеннен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

DPA

Макрон Франция Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

"Екі елдің білім беру ұйымдары арасында қол қойылған үкіметаралық келісімге үлкен үміт артып отырмын. Мысалы, мен серіктестігіміздің жаңарғанына өте қуаныштымын және 2024 жылдың қыркүйегінен бастап француз-қазақ университеті  жұмыс істей бастайды", – деді француз басшысы.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жаңа университет Қазақстан-Германия университетіне ұқсас құрылатынын айтты.

"Біз бұл мәселені зерттеу үшін жеке жұмыс тобын құрамыз, сонымен қатар Францияның мықты университеттерін тарта отырып, өңірлік университеттерде ғылыми-зерттеу бөлімшелерін ашу мүмкіндігін талқылаймыз", – деді министр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Макрон Қазақстан мектептерінде француз тілі қайта оқытыла бастағанын қалайтынын мәлімдеді.