Бұл – стандарт: Бейсембаев ел мектептерінде орыс тілін оқытуды тоқтату жайлы пікір білдірді

Ғалиасқар Думан

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды тоқтату мүмкін емес екенін айтты, өйткені бұл талап ҚР мектептерінің мемлекеттік стандартына енгізілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер министрден қазақ мектептерінде балалардың орыс тілін үйренуге неліктен міндеттелетінін және балама ретінде неге басқа тілдер оқытылмайтынын сұрады.

Министр мектептердің мемлекеттік стандарты бойынша қазақ, орыс тілдерін үйрену міндетті екенін түсіндірді.

"Мемлекеттік стандарт, оқу бағдарламасы бар, барлық қазақстандық мектептер осы қағидалар бойынша жұмыс істейді. Тілдерді дамыту өте маңызды. Қазақ тілін меңгеруді арттыру және басқа тілдерді оқыту сапасын көтеру қажет. Біздің балалар неғұрлым көп тіл білсе, олардың бәсекеге қабілеттілігі соғұрлым жоғары болады. Біз қазір қазақ, орыс тілдерінде сөйлейміз, балаларымыз тіл үйрену мүмкіндігінен айырылмауы керек", – деп жауап берді министр.

Ол сондай-ақ министрдің бұйрығымен мемлекеттік стандартты өзгерту мүмкін емес екенін атап өтті. Сонымен қатар әр мектеп оқушылардың қалауы бойынша және мұғалімдердің қатысуымен кез келген шет тілін факультативті оқытуды енгізе алатынын жеткізді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ресей билігі Қазақстандағы орыс тілінің жағдайын зерттейтіні хабарланған. Елдің сыртқы істер министрлігі алты елде 35 миллион рубль жұмсап, әлеуметтік сауалнама жүргізуге тапсырыс бермек.

Жуырда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палата депутаты Ринат Зайытовтың ел мектептерінде орыс әдебиеті пәнінің сағатын қысқарту жайлы ұсынысына қатысты пікір білдірді.