Ресейлік Properm.ru басылымының журналисі, Қазақстан азаматы Владислав Иваненко Пермьде ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Владислав Иваненко шетелдік азаматтарды уақытша ұстау орталығына жеткізілді. Бұған дейін ол Ресей ІІМ-нің Пермь өлкесі бойынша бас басқармасынан тұруға ықтиярхатының күші жойылғаны туралы хабарлама алған.
"Редакция ІІМ-нің Пермь өлкесі бойынша бас басқармасының мәлімдемесінде көрсетілген ықтиярхаттың күшін жоюға себеп болған дәйектерді ойдан шығарылған және негізсіз деп санайды. Сонымен қатар, шешімге заңмен белгіленген мерзімде шағым жасалды. Біз құқық қорғау органдарының әрекеттерін заңсыз деп санаймыз және қызметкер мен редакцияға қысым көрсетуді тоқтатуды талап етеміз", - деді Properm.ru бас редакторы Денис Вихров.
Қазақстан азаматы Владислав Иваненко 2015 жылдан бері Ресейде тұрады, соңғы төрт жыл бойы Properm.ru редакциясында жұмыс істеп келеді.