Елімізде жаңа үйлердің бағасы шарықтады

Ғалиасқар Думан

Қазақстанда бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйлер бағасы 5,1%-ға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бөлінісінде жаңа пәтер нарығында жылдық мәнде баға Павлодар – 14,8%, Семей – 12,1% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімінің көшін Семей (14%), Қызылорда (11,7%) қалалары бастап тұрса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (26,3%), Көкшетау (20,6%), Қызылорда (20,2%) қалалары.

 

Мамандардың айтынша, 2023 жылғы қазан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 32 975 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 023 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 952 мәміле жасалды. 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда (35 398) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 6,8%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (5 854 – 17,8%) және Астана (5 438 – 16,5%) қалалары, сонымен қатар,  Қарағанды облысы (3 075 – 9,3%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 298 бірлік (0,9%).

2023 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда қазанда ең көп өсім Түркістан (+29,5%), Атырау (+8,9%) облыстарында  және Шымкент (+4,8%) қаласында  тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Астана қаласында (-19,2%), сонымен қатар, Абай (-15%) және Шығыс-Қазақстан (-11,9%) облыстарында орын алды.

2023 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда, қазанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 9%-ға азайып (792 мәмілеге), 8 023-ты құрады. Теріс динамика, Астана (+10,5%) қаласын қоспағанда, еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Ұлытау облысында 33,3%-ға кему байқалады, ол өңірлер арасында ең үлкен көрсеткіш болып табылады.

Айта кетейік, қыркүйекте Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің бағасы 2023 жылдың қыркүйегінде тамызбен салыстырғанда 1,5%-ға қымбаттап, шаршы мерті үшін 493 705 теңгеге жеткен.