"Қазарнаулыэкспорт" бас директоры Арман Рамазанов ұсталды

Ғалиасқар Думан

"Қазарнаулыэкспорт" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Арман Рамазанов ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Дереккөздердің хабарлауынша, Рамазанов көрші мемлекеттерден әскери техниканы жеткізу кезінде ұрлық жасады деген күдікке ілінген.

Ол туралы не белгілі

Арман Рамазанов 45 жаста. Еңбек жолын 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінде бастаған. Онда алты жыл жұмыс істеп, содан кейін бизнеспен айналысты. 2010 жылы Қорғаныс министрлігіне қарасты "Қазақжарылыспром" АҚ басқарма басшысы болып тағайындалды.

Бес жылдан кейін "Астана ӘКК" ҰК АҚ басқарма басшысы қызметіне ауысты. 2016 жылы Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды.

Кейінірек Рамазанов қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, "Қазақстан инжиниринг" басқарма басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

Қазарнаулыэкспорт

Кәсіпорынды Үкімет Қарулы Күштерді, басқа әскерлерді және жауынгерлік құралымдарды қамтамасыз ету мақсатында құрған. Қару-жарақ пен әскери техника, сонымен қатар әскери мүлік импорты мен экспорты бағыттарында жұмыс жасайды.