Сотталғандардың азапталуы: түрмелердегі биылғы статистика жарияланды

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берілді.

Берік Асылов заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданатынын айтты.

Сондай-ақ, маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қолдау жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алды. Қазірдің өзінде 41 инвестордың түйткілді мәселелері шешімін тапқан.

“Президентке үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарғаны (614-тен 204-ке дейін) жөнінде мәлімет берді. Жалпы, еліміз бойынша 1041 тұлғаның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқық бұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарған (310-нан 222-ге дейін). Бас прокурор азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде баяндады. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін 54 түзету мекемесінде 29 мың бейнекамера орнатылған, сәйкесінше азаптау фактілеріне шағымдану да 94-тен 17-ге дейін азайған”, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, халықаралық ынтымақтастық бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Атап айтқанда, биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 40 адам экстрадицияланды. Жалпы Қазақстан қылмыстық-құқықтық сала бойынша алыс шетелдің 34 мемлекетімен 74 шартқа қол қойылған.
 
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық салада заңның сақталуын қамтамасыз ету ісін күшейту қажет екеніне назар аударды.    

Айта кетейік, бұдан бұрын Қарағанды колониясында сотталғандарды дедектете еден жуғызған видео тарады. Көп ұзамай ҚАЖД қызметтік тергеу жүргізіліп, колония қызметкерлері жауапқа тартылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, жуырда ШҚО-да сотталғандар түрме қызметкерлерінің тегін дұрыс атамағаны үшін азапталғаны жайлы жазғанбыз.