Бишімбаевтың ісі: Гастро-орталық директоры екі айға қамалды

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

– “Бау” мейрамханасында әйелді өлтіру фактісін тергеу аясында Гастро-орталық директорына қатысты бұлтартпау шарасы қабылданып, ол 2 айға қамауға алынды, – деп хабарлайды департамент.

Оған қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша (қылмысты жасыру) айып тағылған. Бұдан өзге ақпаратты департамент тергеу мүддесіне байланысты жарияламады. 

Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерді айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді.

Марқұм жайлы не белгілі

Қуандық Бишімбаевтың әйелі – 1992 жылы туған Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы. Ол – бұрынғы министрдің екінші әйелі. 

Келіншек астрологиямен айналысып, желіде жеке блогын жүргізген. Оның парақшасында көрсетілгендей мәліметке сүйенсек, консультацияларының құны шамамен 80 мың теңгені құраған.

Жемқорлық үшін 10 жыл

Қуандық Бишімбаев 2017 жылға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарған.

2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, "Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында "Бәйтерек" АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.

2017 жылдың 10 қаңтарында Бишімбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. 2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

2019 жылдың 25 қыркүйегінде бұрынғы шенеунік рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шықты. 

Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін заңгер Анна Димитриевич (Чернова) ел президентінен еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа рақымшылық жасау туралы жарлығын қайта қарауды сұрады.