Қытайдан Қазақстанға сәлемдемелер енді жылдам жеткізіледі

Ulysmedia

Қытай тауарларының Қазақстанға жеткізу уақыты бір аптаға дейін қысқарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сурет ғаламтордан алынды

Бұл туралы Қазпошта басшысы Әсел Жанасова айтты.

«Бізге Қытайдан тек AliExpress сәлемдемелері келеді. Бұрын оның сәлемдемелері Латвия арқылы ғана келетін. Қытайдан Латвия айналып, 45 күннің ішінде Қазақстанға жететін. Бүгін біз ол бағдарды өзгерттік. 15 күн ішінде біздің қазақстандықтар осы сәлемдемелерін ала алады. AliExpress компаниясымен ендігі кезекте жаңа келісімшартқа отырамыз. Келесі жылдан бастап осы тасымалды 7 күнге дейін қысқартамыз деген ойымыз бар” , - деді ол Астанада өтіп жатқан өңірлік тұрақты өсімге инвестиция салуға арналған форумда.

Астанада жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2023) өтіп жатыр. Шараға жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің 500-ден астам өкілі, инвесторлар, беделді сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшылары шақырылған. Қазақстан атынан министрліктердің басшылары, квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, сондай-ақ отандық бизнес өкілдері қатысады.

Шарада аймақтың тұрақты өсіміне инвестиция салу мәселесі қарастырылған. Қатысушылар Қазақстан аймақтарының инвестициялық мүмкіндіктерін, көлік әлеуетін, логистикалық қызметтердің жаңа спектрін, заманауи тұрақты өндірісті, экспорттық әлеуетті кеңейтуді, инновациялық технологияларды, озық технологияларға инвестицияны талқылайды.