Каспийдегі ахуал алаңдатады – Тоқаев көрші елдерді теңіздің жағдайын жақсартуға шақырды

Аян Өрібай

 Әзербайжан астанасында өтіп жатқан БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) саммитінде Қазақстан президенті көрші мемлекеттердің басшыларының назарын Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалға аударды, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Сонымен қатар экология саласындағы ынтымақтастықтың мәні зор Қазақстан президенті экология және климат проблематикасы, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы зерттеу жұмыстарын бастау маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, бұл мәселенің СПЕКА елдерінің бәріне де қатысы бар. Бұл ретте бір ғана мемлекеттің жалғыз өзі табысқа жетуі мүмкін емес. Арал қасіреті – соның айқын дәлелі. Оның ауыр салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отыр.

– Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бір кездері әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған Арал маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән бермек. Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызады. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр. Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз Каспийдің бейбітшілік және мүмкіндіктер теңізі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетініне сенімдімін, – деді президент.

Айта кетейік, Әзербайжан астанасында бүгін БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) саммиті өтеіп жатыр.

25 жыл толған СПЕКА-ға Орталық Азия елдерінің басшыларынан бөлек, Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының  атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Салсия Армида, Парсы шығанағы араб елдері ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Әл-Будайви Джасем қатысуда.

1998 жылы БҰҰ құрған СПЕКА – Орталық Азия елдерінде экономиканың тұрақты дамуын және олардың өзара байланыстарын нығайтуды ынталандыратын экономикалық платформа.