Алматы облысындағы жүгері өсіретін шаруалар шығынға батуда. Былтыр зауыттар өнімнің әр келісін 120-125 теңгеден қабылдаса, биыл баға 60 теңгеден аспайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгінде өнімге сұраныс азайып, баға екі есе арзандап кеткен. Бұл диқандардың ала жаздай еңбегі мен шығынын мүлдем өтемейді.
Қонаев қаласында өткен жиында шаруалар бірқатар мәселесін алға тартты. Олар жиналған жүгеріні сақтап, кептіретін қойма тапшы екенін де айтты.
«Шелек өңірінде 40% ғана жүгері шабылды. Қалған 60% сол күйінде алқапта қалды. Себебі, өткізетін жер жоқ. Жүгерінің бағасы оның ылғалдығына қарап бағаланады», дейді шаруалар.
Жүгері өсірумен айналысатын шаруалар бұл проблемаға Үкімет араласып, тиімді шешімдер қабылдануын күтеді.