Астанада БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылған «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбында Орталық Азия елдері әйелдер диалогының халықаралық конференциясында мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейтетін заң жобасы үкіметке ұсынылғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Татуласуға жол жоқ
«2020 жылдан бастап елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін шешуге қатысты заңдар қатаңдай бастады. Мысалы, қазіргі уақытта жәбірленуші арыз бермесе де видео айғақтар бойынша іс қозғауға болады. Сонымен қатар, бұған дейін тараптар татуласып келсе, ендігі жерде екінші, үшінші рет татуласуға жол берілмейді. Қала берді, пилоттық режимде зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің ісімен айналысатын әйел полиция қызметі енгізілді. Дей тұрғанмен, құқықбұзушылықтар толастамай тұр. Соған байланысты биыл қыркүйек айында мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейтуге тапсырма берді. Біз, AMANAT партиясының депутаттары, оның ішінде менімен қатар Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Нартай Аралбайұлы, сенатор Ақмарал Әлназарова заң жобасын әзірледік. Жоба «Әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін сақтауға арналған кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілу» деп аталады. Бүгінде жоба Үкіметте қаралуда. Жобада біз отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тануды, зомбылық кезінде әйелдің денсаулығына жеңіл зиян келсе, оны да қылмыс деп тануды және жазаны күшейтуді ұсынып отырмыз. Әйтпесе, қазір ондай әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады», - деді депутат.
Педофилдер өмір бойы бақылауда болуы тиіс!
Сонымен қатар, депуттар педофилия бойынша да өз ұсыныстарын алға тартып отыр.
«Педофилия бойынша да өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасын беруді, татуласу және жазаны жеңілдетуді мүлдем қарастырмауды ұсынып отырмыз. Педофилия бойынша жазасын өтеп шыққандар өмір бойы құқық қорғау органдарының бақылауында болуы тиіс деп есептейміз», деді Ж.Сүлейменова.
Ол заңға «харассмент» ұғымын енгізіп отырғандарын да айтты.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 449 бабы бар. Ол баптың 1-бабында қоғамдық жерлердегі харассментке жол беру жайлы жазылған. Біз оны тереңдетіп, еңбек қатынастарында сексуалдық, психологиялық харассментке жол берілетін болса, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі аясында жауапқа тартуды ұсындық. Қазір ондай әрекеттер айыппұлмен шектеледі. Жоба Үкіметтің қарауында. Біз бүгін Өзбекстанның оң тәжірибесін көріп отырмыз. Көрші елде әйелдер мен ер азаматтардың теңдігі сақталып, тіпті әйелдерді кемсіткендерге жаза қарастырылған екен. Сонымен қатар, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жаза қолданылады.
БҰҰ даму жөніндегі бағдарламасының Қазақстандағы жетекшісі барлық мемлекеттерге отбасылық зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейтуді ұсынатынын атап өтті. Менің ойымша, біз заң үстемдегі және тәртіп қағидатының аясында қарастыру керекпіз. Ия, заңды күшейту қажет. Бұл бағыттағы мемлекеттік институттардың жұмысын күшейту керек. Білім және тәрбие мәселесін тереңнен қарастыруымыз қажет. Үкімет ұсыныстарымызды қолдайды деп сенеміз. Бүгінгі жиында түрлі пікірлер айтылды. Дегенмен адам құқықтарын қорғайтын мемлекет ретінде заңнама аясында, отбасылық құндылықтар аясында заңды қайтадан қарастырып, өзіміздің дәстүрлі отбасылық құндылықтарымызды насихатату керек», деді депутат.