Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мектептер мен университеттерде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі эпидахуал туралы айтты.
«Әкімдіктермен және оқу-ағарту министрлігімен тұрақты мониторинг жүргізілуде. Әзірге денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бұл бағытта белгілі бір шешім жоқ. Біз олармен тұрақты байланыстамыз», - деді Бейсембаев.
Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғары оқу орындарында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты.
«Бүгінде жоғары оқу орындарының 8 мыңға жуық студенті медициналық көмекке жүгінді. Соның ішінде 200-300 адам ғана қызылша жұқтырды деген күмәнмен барған. Сол себепті күрделі эпидемиологиялық ахуал жоқ. Біз денсаулық сақтау министрлігімен, бас санитарлық дәрігермен тығыз байланыстамыз», - деді министр.
Ол жіті респираторлық вирустық инфекция өршіп тұрғанын, қызылша жұқтырған студенттер саны өте аз екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарында карантин жариялау туралы шешім қабылданған жоқ.