Министрдің айтуынша, былтыр бизнесті тексеруге мораторий ұзартылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров депутаттардың бизнесті тексеруге мораторийді 2025 жылға дейін ұзарту идеясына түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, мұның еш қажеті жоқ.
"Өткен жылы мораторий бір жылға ұзартылды. Бізде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап “таза парақтан реттеу” жүйесі жүргізілуі тиіс. Тәуекелдерді басқару жүйесі, бақылаудың автоматтандырылған жүйелері адамның қатысуынсыз қалыптастырылатын болады", - деді ол.
Министр жаңа жүйелер физикалық тексерулерді екі есеге азайтады деп қосты.
Бұған дейін мәжіліс отырысы барысында депутат Асқар Садықов мораторийді 2024 жылға ұзарту, сондай-ақ оған орта бизнесті қосу идеясын айтқан болатын.
Айта кетейік, мораторийге сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға кейбір тармақтарды қоспағанда, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне барумен тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтату ұйғарылды.