Астанада өткен бұқалар сайысында «Порш» жеңіске жетті (ФОТО)

Ulysmedia

Астанада 15 айға дейінгі тайыншалар мен 3 жасқа дейінгі бұқалар сайысы өтті деп хабарлайды ulysmedia.kz порталы АШМ баспасөз хатшысы Дамир Егізбаевқа сілтеме жасап.

Фото: АШМ

ПОРШ – ЧЕМПИОН

Елорда төрінде етті ірі қара мал тұқымдары бойынша 15 айға дейінгі  11 бас тайынша мен 3 жасқа дейінгі 23 бас бұқа «сайысқа түсті».

Үш тұқым (герефорд, абердин-ангус) арасында бас жүлдені (чемпион) Павлодар облысы «Галицкое» ЖШС-ның Qazaq Aqbas тұқымының «Порш» атты бұқасы жеңіп алды.

«Порш» атты бұқа  2020 жылдың қаңтар айында 26 келі салмақпен туған. «Виксоунт» аталық ізінен тараған. Еттілік пішіні айқын дамыған, дене бітімі үйлесімді. Бүгінгі күнгі тірідей салмағы – 580 келі.

Бұқалар сайысына АҚШ-тан келген PJ Butler атты судья төрағалық етті.

21 қазан күні қазақтың ақбас Республикалық палатасының ұйымдастыруымен « Үшінші ет туры» Ақмола облысының «Жаңа Береке» ЖШС-де өтті. Бұл іс шараға Қазақстанның әр аймағынан 200-дің үстінде шаруа қожалық иелері мен ғалымдар қатысты. Шаруашылық 2020 жылы қазақтың ақбас тұқымының тайыншаларын өз өнімділігі бойынша сынау мақсатында канадалық замануи Grow Safe технологиясын өндіріске енгізген болатын. Осы турда көрермендер Grow Safe технологиясының тиімділігі мен қыстық жайылым технологиясын көруге мүмкіндік алды.

ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫНЫҢ ТАРИХЫ

Қазақтың ақбас сиыры – сиырдың етті тұқымы. Қазақ және қалмақсиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932-50 жылдары Қазақстан мен Ресейде шығарылған. Тұқым құрамында 11 зауыттық желісі бар. Оның 9-ы Қазақстанда. Бұл тұқым республиканың далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделген. Түсі қызыл, басы, құйрығының ұшы, әукесі, бауыры мен сирағы ақ болады. Етті малға тән белгілері өте айқын, тез жетіледі. Кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Сақа бұқасы орта есеппен 800 – 900 келі (кейде 1100 – 1300 келіге), сиыры 450 – 500 келіге (кейде 520 – 580 келі), 7 -8 айлық еркек танасы 200-220 келіге, ұрғашы танасы 180-200 келі тартады.

Қазақтың ақбас сиыры Ақмола облысының «Қазақстан», «Саха»; Шығыс Қазақстан облысының «Қалбатау», «Коростолевское»; Батыс Қазақстан облысының «Чапаевский»; Қостанай облысының «Ключевое», «Степное»; Павлодар облысының «Глазырина», «Дархан»; Сол түстік Қазақстан облысының «Алабота» шарушылықтарында өсіріледі.

Қазақстанда бүгін де қазақтың 500 мыңнан астам ақбас сиыры бар.