Қымызды немістердің патенттеп алғаны рас па - әділет министрлігі не дейді

Оралхан Қожанов

Қазақтың дәстүрлі сусыны қымыздың Германияда патенттелгені туралы ақпаратқа Қазақстанның әділет министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ozgeris.info

"Базбіреулер қымыз Германияда патенттеліп қойыпты деп БАҚ арқылы шағымданып жүр. Осыған орай, ол жақта қымыз бен бие сүтіне ешкім патент алмағанын мәлімдеймін. Иә, шынында да Германияда патент алғандар бар, бірақ қымыздың өзін емес, оның жасалу әдістерін патенттеген. Мысалы, қымызды құрғақ ұнтақтан, капсулада немесе брикеттелген пішінде жасаған", - деп түсіндірді ведомство өкілі Талғат Уәли брифингте.

Қазақстанда өтінім білдірушілерге таблеткадағы қымызға, сондай-ақ кептірілген бие сүтіне патент берілген. Яғни, бұл да қымыздың өзіне емес, өндіру әдістеріне қатысты, деп түсіндірді Уәли.

Қымыз жасаудың дәстүрлі әдістеріне патент берілуі екіталай екен. Себебі, онда жаңалық немесе өнертапқыштық деңгей сияқты критерийлер жоқ.