Қазақстанда небәрі 10 күнде 200 келіден аса есірткі тәркіленді

Ulysmedia.kz коллажы

Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды. Олардың арасында есірткі тасымалдап ақша табу үшін басқа қаладан арнайы келген әйел де бар. Тінту кезінде күдіктілерден кетамин, мефедрон және басқа да тыйым салынған заттар табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үш қалада есірткі сатуға күдіктілер ұсталды

Алматыда полиция қызметкерлері 56 жастағы ер адамды ұстады. Оның көлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан аса кетамин табылған.

Шымкентте де есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Одан шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген.

Полицияның мәліметінше, жігіт есірткіні қала аумағында сатуды жоспарлаған.

Есірткі тасымалдап ақша табу үшін Алматыдан Павлодарға келген

Павлодарда 32 жастағы әйел ұсталды. Одан 1,5 келіге жуық α-PVP және шамамен 30 грамм мефедрон табылған.

Тергеу барысында әйелдің әлеуметтік желіден есірткі тасымалдаушы болып жұмыс істеу туралы хабарландыру тапқаны анықталған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол есірткі таратып ақша табу үшін Алматыдан Павлодарға арнайы келген.

10 күнде 35 күдікті ұсталды

Ішкі істер министрлігі қарашаның алғашқы он күніндегі есірткі қылмысына қарсы күрес нәтижелерін жариялады.

Осы уақыт аралығында елімізде есірткіге қатысты 56 құқық бұзушылық анықталған. Оның 35-і қылмыстық іс ретінде тіркелген.

Барлығы 35 күдікті ұсталды. Олардың басым бөлігі, яғни 19 адам есірткі сатты деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар, есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдікпен 8 адам, есірткіні аса ірі көлемде сақтағаны үшін 3 адам, улы заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 3 адам, ал құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіргені және есірткіні насихаттағаны үшін бір-бір адамнан ұсталған.

Жалпы он күн ішінде полицейлер заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркілеген.

Оның ішінде 190 келі марихуана, шамамен 13 келі синтетикалық есірткі және 4 келі гашиш бар.

ІІМ мәліметінше, тәркіленген есірткі шамамен 500 мың бір реттік мөлшерге тең. Бұл заттар Қазақстан қалаларының көшелеріне тарап кетуі мүмкін еді.

Сізге қызық болуы мүмкін