Қыран қанатты қазақ аруы халықаралық сахнада көзге түсті

Видео кадры

«Әлем аруы – 2026» (Miss Universe) халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан қатысқан Алина Ри ерекше ұлттық киімімен көрермендердің назарын аударды. Ол сахнаға қанаттарының ұзындығы 4,5 метрге жететін алтын түстес бүркіт бейнеленген, салмағы 30 келі болатын киіммен шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұлттық киімнің ерекшелігі қандай?

21 қарашада Пуэрто-Рикода «Әлем аруы» халықаралық сұлулық байқауына қатысушылар ұлттық киімдерін таныстырды.

Қазақстан атынан Шымкент қаласының тумасы, «Қазақстан аруы» байқауының жеңімпазы Алина Ри өнер көрсетті.

Ол сахнаға арнайы дайындалған «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты киіммен шықты.

Киімнің ең ерекше тұсы – алтын түстес алып қанаттары. Қанаттарының құлашы 4,5 метрге жетеді.

Сондай-ақ, киім табиғи қауырсындармен, алтын түстес шілтермен және ұзындығы бес метр болатын етекпен безендірілген.

Ондағы барлық кестені шеберлер қолмен тіккен. Бұдан бөлек, киімді сәндеу үшін 10 мыңнан аса жылтыр тас қолданылған.

Киімді дайындауға 5 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған

Ерекше киімді әзірлеуге шамамен алты ай уақыт кеткен. Ал оның құны 5 миллион теңгеден асқан.

Киім авторларының айтуынша, көгілдір түс Қазақстанның ашық аспанын бейнелейді. Ал алтын түстес әшекейлер елдің байлығы мен өркендеуін білдіреді.

Бүркіттің қанаттары еркіндіктің, тәуелсіздік пен күш-қуаттың белгісі ретінде таңдалған.

Киімнің жалпы салмағы 30 келіге жеткен.

Байқаудан кейін Алина Ри әлеуметтік желідегі парақшасында әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, ұлттық киім Қазақстанның мемлекеттік туына арналып жасалған.

«Көгілдір түс, алтын күн мен қалықтаған қыран – біздің еркіндігіміздің, тәуелсіздігіміз бен рухымыздың мықтылығының белгісі», – деп жазды Алина.

Ол Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін халықаралық сахнада таныстыру мүмкіндігіне ие болғанын мақтан тұтатынын айтты.

«Әлем аруы – 2026» байқауының жеңімпазы қашан анықталады?

Биыл «Әлем аруы» халықаралық сұлулық байқауы 75-рет өткізіліп жатыр. Байқау Пуэрто-Риконың астанасы Сан-Хуан қаласында өтуде.

Бас жүлдеге әлемнің әртүрлі елдері мен аумақтарынан келген 116 ару таласып жатыр.

22 қарашада байқаудың алдын ала іріктеу кезеңі өтеді. Онда қатысушылар купальник пен кешкі көйлек киіп сахнаға шығады.

Осы кезеңдегі ұпайлар мен қазылар алқасымен өткен жабық сұхбат нәтижелері бойынша үздік 30 қатысушы анықталады.

Ал байқаудың финалы 24 қарашаға жоспарланған. Сол күні «Әлем аруы – 2026» атағының жаңа иегері белгілі болады.

Сізге қызық болуы мүмкін