«Байқоңыр» ғарыш айлағында Роскосмостың биылғы ұшыру жоспары аяқталса да, келер жылдың жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Роскосмос баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, «Байқоңыр» ғарыш айлағы 254-ші учаскесінің монтаждау-сынау корпусында «Прогресс МС-26» жүк кемесін дайындау жұмыстары жалғасуда. Ғарыштық жүк көлігі Халықаралық ғарыш станциясына 2024 жылдың 15 ақпанында ұшырылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ С.П. Королев атындағы «Энергия» зымыран-ғарыш корпорациясы бақылау-зауыттық сынақтардан кейін «Союз МС-26» басқарылатын ғарыш кемесін Байқоңыр ғарыш айлағына жіберді. Оның ұшырылуы 2024 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Кеме ғарыш айлағына пойызбен жеткізілмек.