«АМТ» мен Қазақмыс: Жұмысшылары ең көп зардап шеккен компаниялар

Аян Өрібай

Үкімет отырысында бүгін зиянды еңбек жағдайында еңбек ететін азаматтардың мәселесі қаралды. Премьер-министр жиында Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Фото: Ашық дереккөзден

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді.

– Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтуге тура келеді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады. Мысалы, биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп кетті, - дейді Смайылов.

Оның айтуынша, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен.

Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр. Көп елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі.

– Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек. Осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030-шы жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат ең алдымен, кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған. Барлық тәуекелдер алдын-ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс. Жалпы алғанда, Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек, - дейді Смайылов.