«Сүмелектердің мекені» белсенді Достияр жазушыларды аямай сынады

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Белсенді Абзал Достияр Facebook парақшасында қазіргі қазақ қаламгерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты өткір пікір жариялады. Ол журналист Мирболат Мырзатайұлының қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін төрт жылға сотталуы — зиялы қауымның үнсіз қалуын әшкерелейтін жағдай екенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЫНЫШ ОТЫРУҒА БОЛМАЙТЫН СӘТ

Абзал Достияр елдегі саяси тұтқындар санының артқанын атап өтіп, журналист Мирболат Мырзатайұлына қатысты сот шешімінің әділетсіз екенін айтады. Автор «сүмелек» сөзінің мағынасына тоқталып, оны бүгінгі ақын-жазушыларға қолдануға толық негіз бар жазды.

«Мирболаттың іс-әрекетінен ешқандай да ұлт араздық туындамаған, ешкім зардап шекпеген, ешкімге күш көрсетілмеген, ешкім арызданбаған. Бүгінгі ақын-жазушылар әділдікті айта алмайтын қорқақтар, шындықтан қашқақтаушылар… сол себепті оларды ‘сүмелектер’ деп атауға толық негіз бар», — деп жазады.

ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ НЕГЕ ҮНСІЗ?

Абзал Достияр Қазақстан Жазушылар одағының жүздеген мүшесінің саяси тұтқындарға араша түспегенін сынға алды.

«Жазушылар Одағының мыңға тарта мүшелері Думан мен Әйгерім, Марат және басқа да саяси тұтқындар қамалғанда үнсіз қалды, көрмегендей болды», — деп жазады белсенді.

Сонымен бірге жаңа төрағаның «Жазушылар оппозиция болмауы керек» деген сөзін және Қосановты кеңесші қылып алуын «сатқындық» деп бағалайды. Белсенді қазіргі қаламгерлерді екіжүзділікке, мінезсіздікке, жалтақтыққа толы мінез-құлқын ашық сынады. Ол әсіресе қазақ тілінің тағдыры сынға түскен сәтте қаламгерлердің үнсіз отыруын сатқындыққа балайды.

«Бір күні қарасаң биліктен марапат алып мәре-сәре болып тұрады… Әй сендер, сүмелектер, неге үндемейсіңдер? Таразының басында қазақ тілінің мәселесі тұр ғой! Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ете алмасақ, ана тілімізде сөйлесе алмасақ — біткен жеріміз осы емес пе?»  – деп жазды белсенді.

«ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ» БҮГІНГІ ЖАЙЫ

Белсенді қаламгерлердің жеке бас мүддесін бірінші орынға қоятынын, ал елдік мәселелер туғанда үнсіз қалатынын ашық айтады.

«Халқың тозып бара жатса, тілің жетімнің күйін кешсе — сенің кітабыңнан не пайда?Бүгінгі қалам ұстағандар — барлығы сүмелектер! Елдің азып-тозуына сендер де жауаптысыңдар! Биліктің бетімен кетуіне сендер кінәлісіңдер!» — дейді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

Алматылық белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлы сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Белсенді бұған дейінгі сот отырысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Тағылған айыптың саяси астары барын айтқан