Украина Франциядан 100 RAFALE ұшағын сатып алмақ

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Украина президенті Владимир Зеленский Франциямен 2035 жылға дейін 100 Rafale жойғыш ұшағы мен өзге де әскери техника сатып алуға мүмкіндік беретін ниеттестік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Францияға ресми сапармен барған Зеленский 17 қараша күні ел президенті Эммануэль Макронмен бірге Dassault Rafale жойғыштарын сатып алу жоспары көрсетілген меморандумға қол қойды. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады. Құжатта Украина Франциядан Rafale ұшақтарымен қатар өзге де әскери техниканы сатып алуды қарастыратыны жазылған.

УКРАИНА МЕН ФРАНЦИЯ

Зеленскийдің айтуынша, бұл ұшақтарды сатып алу әлемдегі ең қуатты әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің бірін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Украина француз-итальяндық SAMP-T әуе қорғаныс жүйелерін, «әуе-әуе» класты зымырандар мен авиациялық бомбаларды сатып алуды жоспарлап отыр.

– Бұдан бөлек, биылдың өзінде қорғаныс салаларымыз арасында бірлескен жобалар басталады: біз бірге тосқауыл дрондарын шығарамыз, украин дрондарына біріктіруге болатын маңызды технологиялар мен компоненттерді дамытуға күш саламыз, – деді Зеленский.

Оның айтуынша, бұл келісім 2035 жылға дейін күшінде болады.

Елисей сарайы бұл келісімді «тарихи» деп атап, Украина сатып алатын ұшақтар санын растады. Алайда француз билігі болашақ келісімнің егжей-тегжейін жарияламады.

ҰЗАҚ МЕРЗІМГЕ ЖОСПАРЛАНҒАН

Reuters агенттігінің екі дереккөзіне сүйенсек, жойғыш ұшақтардың бір бөлігі Францияның қоймаларынан бірден берілуі мүмкін, ал негізгі бөлігі ұзақ мерзімде жеткізіледі. Украина жалпы соғыс ұшақтарының санын 250-ге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл қатарда америкалық F-16 және шведтік Gripen ұшақтары да бар.

Сондай-ақ, 17 қарашада өткен форумда украин және француз дрон өндіруші компаниялары бірлескен жобаларды талқыламақ. Алайда Украина мен Франция арасындағы қару-жарақ сатып алу келісімдерінің қаржыландырылу тетіктері әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ УӘДЕЛЕР

Франция 2025 жылдың ақпанында Украинаға алғашқы Mirage 2000-5 көпмақсатты жойғыштарын жеткізген. Алғашында бұл ұшақтар 2024 жылдың соңына дейін беріледі деп жоспарланған. Жеткізілім алдында украин ұшқыштары бірнеше ай бойы Францияда дайындықтан өткен.

Қазан айының соңында Лондонда өткен «қалаушылар коалициясы» кездесуінде Макрон Францияның Украинаға қосымша Mirage жойғыштары мен SAMP-T жүйесіне арналған Aster зымырандарын беруге дайын екенін мәлімдеді.