Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ – Тоқаев саяси қудалау жайлы

Ulysmedia

Билікті сынап жүргендер, оның ішінде Батыстың өкілдері де, Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұған не дейсіз? «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қазақстан президенті осы сұраққа жауап берген.

Фото: Ашық дереккөзден

– Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ.

Керісінше, реформалардың нәтиже­сінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Заңдарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгі­зіл­ді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конс­ти­туциялық мәртебе берілді. Мен был­тыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екінші Жарлыққа қол қойдым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді, – дейді сұхбатында мемлекет басшысы.

Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. «Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады» дейді ол. 

– Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ. Кейбіреулер прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын кесірлік көрсетіп, заң бұзады. Ондай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.

Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұрған, сая­си цензура атымен жоқ елде саяси қуда­лау бар деу қаншалықты орынды? Ол аз десеңіз, жаңа заң қабылданып, бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты, - дейді ол.

Президент түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтып келе жатқанын атап өтеді. Қазір парламентте түрлі көзқарастағы қоғам өкілдерінің мүддесін білдіретін сан алуан саяси күштер барын, парламенттік оппозиция институты заң жүзінде бекітілгенін жеткізеді.

– Соңғы сайлауда мәжіліске алты партия өтті. Оның үшеуі алғаш рет депутаттық мандатқа ие болды. Тіпті қазір Парламентте отырған партияның бірі – әуел бастан оппозициялық ұстанымдағы ұйым.

Көптеген шетелдік сарапшылар мен әріптестер, соның ішінде Батыс елдерінің мамандары, Қазақстандағы демократиялық реформалардың озық үлгіде екенін айтып, оған қолдау білдіріп отыр. Шынымен де, біз геосая­си төңірегімізде ауқымды демо­кра­тиялық өзгеріс жасап, адам құқықтарын қорғау ісінде зор табысқа жеткен бірден-бір елміз, – дейді ол.