Қазақстандағы шетелдіктер үшін туристік жарна алынып тасталды. Өзгерістер 9 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанның туризм және спорт министрлігі шетелдік келушілер үшін туристік жарнаның жойылғанын жариялады.
Туризм және спорт министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №347 бұйрығына сәйкес, бүкіл ел бойынша нөлдік мөлшерлемені белгілей отырып, туристік жарнаны төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа ережелер ағымдағы жылдың 9 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Естеріңізге салсақ, 2023 жылғы қаңтарда Қазақстанда өңірлік туризмді дамыту үшін қаражат жинау мақсатында туристік жарна (bed tax) енгізілген болатын. Ең төменгі мөлшерлеме аймаққа келу деңгейіне байланысты 0,3 АЕК (2023 жылы 1035 теңге), ал ең жоғары мөлшерлеме – 0,5 АЕК (1725 теңге) құрады.
Алайда жарнаның енгізілуі жергілікті бизнес пен туристердің наразылығын тудырды. Осыған байланысты отандық кәсіпкерлер мен келушілер үшін қолайсыздықты жою үшін туристік жарнаны алып тастау туралы шешім қабылданып отыр.