ATP 250 турнирі Астанадан Алматыға ауысты

Оралхан Қожанов

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) Астана қаласында өтіп жүрген ATP 250 турнирін Алматыға ауыстыру құжаттарын бекітті. АTP  сайтында жарияланған күнтізбеге сәйкес, Almaty Open  2024 жылғы 13-20 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан теннис федерациясы

«Алматы АТР 250 сериясымен өтетін турнирді қабылдау құқығына заңды түрде ие болып отыр, өйткені өткен ғасырдың 20-шы жылдары осы қалада Қазақстан теннисі дами бастады.  Almaty Open тек ауқымды спорттық шара болып қана қоймай, сонымен қатар турнир өтетін Almaty Arena  аумағында мерекелік көңіл-күй орнатып, ерекше күш-қуат сыйлауға жәрдемдеседі», деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов. 

ATP 250  жарысы – шынында да әлемнің 30 елінде өтетін ауқымды спорт оқиғаларының бірі. Аталмыш санатқа 40 турнир кіреді, онда жеңгендер ATP рейтингісінде 250 ұпайға ие болады. Алдағы Almaty Open ATP  турнирінің жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асады. 

Астанадағы тұңғыш ATP 250 турнирі 2020 жылы өткізілді. 2022 жылы турнир деңгейі бір рет ATP 500-ге көтерілді. Онда қатысушылар кілең жұлдыздар еді: Новак Джокович, Стефанос Циципас, Даниил Медведев, Карлос Алькарас, Хуберт Хуркач, Андрей Рублев және басқалар. Қазақстандық жарыс жыл сайын ел аумағынан тыс 110-нан астам мемлекетте көрсетіледі.