Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтерді

Ulysmedia

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,75% болады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Шешім экономикада сақталып отырған инфляцияға қарсы қысым аясында қабылданды. Оның нәтижесінде инфляция 2021 жылы 7,5-8,5% болжамды ауқымнан, әлемдік нарықтардағы бағалардың өсуінен, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуінен және ел ішіндегі жоғары инфляциялық күтулерден жоғары қалыптасады. Сыртқы инфляциялық ахуал қолайсыз болып қалуда. Бұл әлемдегі азық-түлік бағасының жоғары болуына, жеткізілім қатарының үзілістеріне, тасымалдау, шикізат пен энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне, сондай-ақ ішкі сұраныстың қалпына келуіне байланысты. ФАО азық-түлік бағаларының индексі 2021 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының барлық шағын топтарына бағаның артуы нәтижесінде жылдық көрсетуде 32,8%-ға өсті», - деп ақпарат таратты бүгін ұлттық банктен.

Қаржы регуляторы негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция жоғары деңгейде қалып отырғанын ескертід. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өніміне бағаның жоғарылауы нәтижесінде өндірушілер бағасының индексі 10,7%-ға дейін өскен. Биылғы жылғы қыркүйекте ЕО-да жылдық инфляция 3,6%-ға дейін, Ресейде – 7,4%-ға дейін жылдамдап, жылдамдауын жалғастыруда, мұны жылдық мәнде 7,8%-ды құраған қазандағы апталық инфляция көрсетіп отыр.

Қазақстанда 2021 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 8,9% болған. Үдеу барлық құрамдас бөліктерде байқалады. Тамақ өнімдеріне бағаның өсуі (8,9%-дан 4,5 п.т.) жылдық инфляцияның жылдамдауына негізгі үлес қосуда. Азық-түлік инфляциясы жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан 2021 жылғы қыркүйекте жылдамдауын жалғастырып, жылдық мәнде 11,5%-ға жеткен. Жемшөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3%), нан-тоқаш (8,7%) және сүт өнімдері (8%) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне негізгі серпін болды. Әлемдік бағаның өсуі қосымша инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. Мәселен, 2021 жылғы қыркүйекте етке ФАО индексі жылдық мәнде 26,3%-ға дейін, сүт өнімдеріне – 15,2%-ға дейін өсті, ал бидайға әлемдік бағаның өсуі 41% болған.

«2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 7,5% болды. Осы жылдамдауға үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, ЖЖМ мен қатты отын бағасының жылдық өсуі негізгі үлес қосады. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының жоғарылауына, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне байланысты артуда. Өз кезегінде, өзіндік құнның өсуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты ЖЖМ мен қатты отын бағасы артты. Ақылы қызметтер инфляциясы 2021 жылғы қыркүйекте 6,8%-ға дейін жылдамдады. Динамика реттелетін қызметтер бағасының – 5,6%-ға, білім беру қызметтері бағасының –
8,4%-ға және тұрғын үйді жалға алу бағасының – 18,6%-ға өсуіне негізделген. Реттелетін қызметтер арасында қыркүйекте электр энергиясы бағасының 8,3%-ға және сұйытылған газ бағасының – 6,4%-ға өсуі байқалды. Инфляциялық күтулер жоғары деңгейде сақталуда. Бұл ретте, 2021 жылғы шілде-тамызда тіркелген ең жоғары мәндерден біртіндеп төмендеу байқалады. 2021 жылғы қыркүйекте бір жыл бұрынға инфляцияны сандық бағалау өсіп, 9,0% болды. Ағымдағы инфляция қарқынының жылдамдауын және сақталуын күтетін респонденттердің үлесі 59%-ға дейін төмендеді (тамызда – 61,5%). Өткен айда баға серпінінің бағалауында бағаның өте жоғары өсуін атап өткен респонденттердің үлесі де шілдедегі ең жоғары көрсеткіштен төмендеп, 52% (шілдеде – 65,7%) болды», - делінген ҰБ хабарламасында.

Еске сала кетсек Ұлттық банк биыл осымен базалық мөлшерлемені қатарынан үшінші рет көтеріп отыр. Атап айтқанда, 2021 жылдың шілдесінде базалық мөлшерлеме 9,25%, ал қыркүйек айында 9,5% көтерілген болатын.

Айта кетсек бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі базалық мөлшерлемені көтеру ел өмірі мен экономикаға қалай әсер ететінін жазған болатын.