Қазақстанда 2023 жылы тұрмыстық-зомбылықтан қанша әйел көз жұмды

Ulysmedia

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, елде былтыр 115 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы 24kz-ге сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

– Жалпы отбасылық-тұрмыстық қатынаста болған құқықбұзушылықтарда, қылмыстарда жәбірленушілер тек әйелдер ғана емес. Ер азаматтар да болады. Мысалы, былтырғы қорытындыны келтіріп кетейін, 2023 жылы  отбасылық-тұрмыстық қатынаста болған қылмыстардың 115-і кісі өлтіру фактісі. Сол 115 істің 52-сі ғана әйел жәбірленуші. Қалғаны кім десеңіздер, ер азаматтар. Ал ерлерді әйелдер өлтіріп жатыр деп те түсінуі мүмкін қоғам, – дейді ол.

Ақмарал Серікбаеваның сөзінще, күнделікті келіп түсетін арыздар тек әйелдер тарапынан емес, отбасының басқа мүшелерінен де түседі.

– Бір үйде тұратын туыстар да бір-біріне арыз жазады. Ағайынды жігіттер, баласы мен әкесі, қызы мен шешесі, апалы-сіңлілі қыздар да бар. Отбасының кез келген мүшесі жәбірленуші де бола алады, құқықбұзушы да болуы мүмкін, - дейді ол.

ІІМ өкілі отбасында шу шығаратын адамдарды қоғамға қауіпті қылмыскерлер ретінде қарау дұрыс емес екенін атап өтеді.

– Психологтардың пайымдауынша, олар отбасында, үйіндегі адамдарға ғана әлімжеттік көрсете алады. Бізде жасалатын қылмыстардың жартысынан көбі (56 пайызы) ішімдікке мас күйде жасалған қылмыстар. Сондықтан, ішімдікке тойып алғандар далаға шығып қоғамға қайшы әрекетін жасауы да мүмкін. Ондайлар да бар, - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 150 мың адам қол қойған петицияның заңды күші жоқ болып шыққан еді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы петицияның маңызы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінен кейін қайтадан күн тәртібіне шыққан.

Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерді айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді.

Қылмыстық іске президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.