Мәжілісте бүгін акваөсіру туралы заң жобасы таныстырылды. Заң жобасы біршама қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Отырыста депутат Мархабат Жайымбетов Кіші Аралдың жылдан жылға тұздылығы көбейіп бара жатқанын мәселе етіп көтерді.
– 12 промильден асып барады. Кезінде 33 промиль болған кезде балықтың екі-ақ түрі қалған. Қазір атқарылған жұмыстың арқасында балықтың 30-дан астам түрі пайда болды. Қазір қайтадан азайып бара жатыр. Ғылыми жұмыс деп отырсыздар, балық шаруашылығының ғылыми өндіріс орталығы бар. Соның кеңесін өздеріңіз тыңдамай отырсыздар. Мысалы Кіші Арал теңізінен 7 мың тонна балық ауланса, жылда сол лимитті қоясыздар. Неге олай? Үлкен мәселе. Кіші Аралдың тұздылығы көбейген сайын балық та азаяды, - дейді Мархабат Жайымбетов.
Осы балықтарды өңдейтін 9 зауыт, 24 цех бар. Онда екі жарым мың адам жұмыс істейді. Он шақты жақсы түлеп келе жатыр. Теңізден екі еуроға алынатын балық (көксерке) Еуропаға жеткенде 15 долларға сатылады. Біраз елдерге экспортқа шығарылып жатыр.
Депутат көтерген бұл мәселеге Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Қуаныш Исабеков жауап берді. Оның айтуынша, бұл күрделі мәселе. Судың тапшылығына байланысты тұздылығы да өсіп жатыр.
– Біздің Аралдың орташаланған тұздылығы промилі 11-12 промиль болды. Сол себепті тұздылық 13-15 промильге жеткенде ол біздің балықтарға өте өндіріске үлкен кемшілікке әкелуі мүмкін. Себебі шашқан уылдырықтардан балықтың шабағы шықпайды. Балық өнімділігі азаюын осы жағдай әкеледі. Бірақ қазір шекті 14-15 промильге Арал әлі жеткен жоқ. Сол себепті жыл сайын қанша балық аулауға болатын болжамды береміз. Болжам жыл сайын 7 мың тонна болады. Сол 7 мың тоннаны қазір бұйрық бойынша бекітіп отыр. Тұздылық көбейсе, ол кезде ол балық қырылуы мүмкін. Қырылып, ластау болмас үшін үшін оны әрине, аулау керек. Балық көлемін азайтқанмен, ол ешкімге пайда әкелмейді. Табиғатқа да пайдасы жоқ. Балық бостан бос қырылады. Ал балықшыларға да тиімсіз, – дейді Исабеков.
Десе де Мархабат Жайымбетов шенеуніктің жауабына көңілі толмай «мен қойған сұрақты маған қайталап айтып отырсыз, маған оның не керегі бар» деп ашуланды. Нақты шешімді талап етті. Алайда шенеунік өз позициясында қалды.
– Тұздылық көбейсе, Арал болсын, басқа көл болсын балық бәрібір қырылады. Сол себепті қолдан азайтуға лимитті тиімсіз. Ол табиғатқа да, балықшыларға тиімсіз, - дейді ол.