Тимур Сүлейменов бұл сөз Freedom Holding-тің жеке ұстанымы, ал реттеушінің міндеті – тепе-теңдікті табу деп жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаңтар айының басында Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов Facebook-те базалық мөлшерлеменің жоғарылығы жөнінде айтқан еді.
– Біздің банктер экономикаға несиені өте нашар береді, өйткені одан маңыз да, пайда да көрмейді... Біз Қазақстанда бизнес құрып жатқан адамдардың жаңа буынына сенуіміз керек. Банктерге жалқаулығы үшін ақша төлеуді тоқтату керек. Мемлекеттік сатып алулардан басқа кез келген жобаларды өлтіретін мөлшерлемені айтарлықтай төмендеткен абзал, — деп жазды ол.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен журналистер бүгінгі брифингте Турловтың ұстанымына байланысты сұраған. Ұлттық банк басшысы Freedom Holding-тің базалық мөлшерлеме, TONIA және банкаралық мөлшерлеме деңгейлеріне сезімтал өзінің операциялық және қаржылық моделі бар деп жауап берді.
– Бұл олардың бизнесі. Әрине, біреу үшін көмір немесе ағаш, метал заттар өзіндік құны мен шикізаты болып саналады. Ал банктер үшін өзіндік құн - ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қатты тәуелді кредиттік ресурстар. Сондықтан мен оларды жақсы түсінемін және оларды еш кінәламаймын. Бұл олардың ұстанымы. Бірақ бұл Freedom Holding-тің жеке ұстанымы, - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұл мәңгілік дау: бизнес арзан несие ресурстарын қалайды, халық өте төмен бағаны қалайды, ал реттеушінің міндеті — тепе-теңдікті табу.
– Егер 5,1% экономикалық өсім болмаса, мен ставканы "баса алдық" деп айтар едім. Бірақ 5,1% өсім орташа әлемдік деңгейден 1,5-2 есе жоғары. Біз экономикалық белсенділікті өлтіреміз деп айтуға әлі ерте шығар. Базалық мөлшерлеме күрт төмендеген кезде инфляцияны екі таңбалы мәндерге қайтару тәуекелдері әлдеқайда жоғары. Оларды халықтың барлық тобы бірден сезінеді... Сондықтан инфляция мен оның теріс әсерін таңдағанда инфляциямен күресу керек, - деп қорытындылады Сүлейменов.
Бұған дейін Тимур Турлов бизнесті автоматтандыруды арттыру кезіндегі парадокс туралы айтқан болатын.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бүгін15,25 пайыз деңгейіне түсірді. Сонда да қаржы саласын реттейтін орган ішкі экономикада инфляция қысымы сақталып отырғанын ескертеді.