AO: Финалда Украина мен Беларусь спортшылары кездеспейтін болды

Ерик Ильясов

Бүгін Мельбурнда Аустралия ашық біріншілігінің әйелдер арасындағы финалистері анықталды. Род Лейвер аренасына алғаш болып Коко Гауфф (АҚШ) пен Арина Собаленка (Беларусь) шыққан еді. Былтырғы чемпион Арина АҚШ теннисшісін 2 сетте ұтып (7:6, 6:4), US Open-2023 турнирінің финалында кеткен есесін қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Екінші жартылай финалдық кездесуде Украина өкілі Даяна Ястремская мен Қытай теннисшісі Чжен Циньвэнь финалға екінші жолдаманы өзара сарапқа салған еді.

Егер Ястремская жеңген жағдайда финалдағы матч соңы қол алысу сәті мен марапаттау рәсімінің қалай өтетіні теннис жанкүйерлерін мазалады. Себебі саяси жағдайларға байланысты Украина теннисшілеріне Ресей және Беларусь спортшыларының қолдарын алмауға, оларға құрмет көрсетпеу еркіне рұқсат етілген. Бұл ұйымдастырушыларды да міндетті түрде толғандырды. Күннің соңғы матчын Қытай қызы 6:4, 6:4 есебімен жеңіп кетті.

Финал сенбі күні Собаленко мен Цинвэнь арасында өтеді. Айтпақшы Қытай теннис федерациясы үшін Циньвэннің ақтық сынға шығуы үлкен жетістік. Соңғы рет аспан асты елінен әйгілі Ли На 2014 жылы дәл осы Australian Open турнирінің финалында ойнап, Үлкен Дулыға турнирін жеңген еді. Одан кейін Қытайдан айтарлықтай жетістікке жеткен теннисші шықпады.

Айта кетейік, бұған дейін Australian Open турнирінде Рыбакина жеңілген. Аталмыш жарыстың негізгі кестесінде екі бірдей теннисші қазақ елінің намысын қорғады. Олар Қарағанды тумасы Әмір Омарханов (16 жас) пен алматылық Асылжан Арыстанбекова (17 жас).