Сот қашып бара жатып ұсталған экс-министр Бекетаевты қамауға алу мерзімін ұзартты

Ғалиасқар Думан

Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамауға алу мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Экс-министрді қамауға алу мерзімі 21 ақпанға дейін ұзартылды.

Еске салайық, 23 қазанда Антикорда бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын хабарлады. Оған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Агенттіктің мәліметінше, ол мемлекетке аса ірі залал келтірген, көрінеу талап етілмейтін қызметтер көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасасу арқылы аффилиирленген компанияның мүдделерін қолдады.

Марат Бекетаев 2016 жылдан 2022 жылға дейін Әділет министрі қызметін атқарды. Ол қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен кетті.

Бекетаевтың есімі атышулы оқиғалармен есте қалды. Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы қашқын Мұхтар Әблязовты қудалау ісін қадағалаған.

Сондай-ақ оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішпен (Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені) байланысы туралы ақпарат бар - Бекетаев оның жақын достарының бірі екені айтылады.

Бекетаевтың заңсыз активтерді «қайтарумен» айналысуы тиіс консалтингтік компанияларды құруға белсене қатысқанын да білдік. Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ұлан Байжановтың қызметінен босатылуына осы алаяқтықтарды қадағаламауы себеп болған деген болжам бар.

Айта кетейік, Самат Әбіш - экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ресми деректерге сәйкес, Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары қызметінен босатылған, ол кезде бүкіл басшылық құрам тергеу изоляторында болған. Алайда Әбішке ол кезде ешқандай айып тағылған жоқ.