Анасын іздеген Жәнібек: Бельгия елшілігінен хат келді

Оралхан Қожанов

"Бармысың, бауырым" бағдарламасының редакторы Қымбат Досжан бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек Жұмағұловқа (Эдди Жан Савельевқа) қатысты жаңа ақпаратымен бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

instagram/muratsaveliev

Оның айтуынша, Бельгиядағы төтенше және өкілетті елші Марғұлан Баймұханнан хат келген. 

«Хат мазмұнында Жәнібек Жұмағұлов көмек сұрап, Бельгиядағы елшілікке жүгінбегені жазылған. Бұл мәлімет бұған дейін де бізге белгілі еді. Өйткені, Жәнібектің айтуынша, бала 16 жасында асырап алған адамнан бөлек кетіп, кәмелеттік жасқа толғанда тіпті Испанияға кетіп қалған. Сондықтан анасын іздеп, Испаниядан келген еді. Елшілік хатындағы екінші мәлімет: бала асырап алу орталығы өкілінің хабарлауынша, Жәнібектің асырап алынуы асырап алу агенттіктерінің қатысуынсыз, жеке, тікелей болған. Сондай-ақ, осы орталықтың өкілі бұл бала кәмелетке толғандықтан, қандай да бір есептерді, ақпаратты сұрауға немесе осыған байланысты қадам жасауға құқығы жоқ дегендей жауап алдық», - дейді журналист.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланған еді. Белгілі болғандай, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен.

Бұған дейін «Жәнібектің (Jani Eddy J Saveliev) анасы болуы мүмкін» деген келіншек ДНҚ сараптамасын тапсырған еді. Өзін Мұрат деп атағанды ұнататын бельгиялық баланың үміті ақталмады. ДНҚ сараптамасы теріс нәтиже көрсетті.