82 жасында Намибия президенті қайтыс болды

Оралхан Қожанов

Намибияның үшінші президенті Хаге Гейнгоб 82 жасында өмірден өтті. Қатерлі ісік ауруынан емделіп жатқан ол ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

"Бүгін, 2024 жылдың 4 ақпанында, шамамен сағат 12:04-те Намибия Республикасының президенті Хаге Гейнгобтың өзі ем қабылдап жатқан Lady Pohamba ауруханасында қайтыс болғанын қайғыра отырып, хабарлаймын", - делінген президент кеңсесінің хабарламасында.

Мәлімдемеде министрлер кабинеті президенттің қайтыс болуына байланысты "Қажетті үкімет шараларын қабылдау үшін дереу жиналатыны" атап өтілді. 

Қаңтар айының басында Намибия президенті өзіне қатерлі ісік диагнозы қойылғанын хабарлаған. Содан кейін ол 25 қаңтарда емделуге АҚШ-қа ұшып кеткен. Хаге Гейнгоб екі күн емделіп, 30 қаңтарда Намибияға қайта оралған.