Қазақстан кедей ел екенін ашық мойындауы керек - сарапшылар

Оралхан Қожанов

Қаржы сарапшылары Мақсат Халық пен Айбар Олжай еліміздегі кедейшілік жайлы өз ойларын ортаға салды. Бұл туралы Ulysmedia.kz Abay LIVE подкастына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Ашық дереккөзден

Танымал экономист Мақсат Халық елімізде кедейшілік факторлары жиі байқалатынын айтты.

“Халық тапқанын азық-түлік сатып алуға ғана жұмсап отыр. Басқа тауарларды сатып алуға қол жеткізе алмайды. Неге? Себебі, біздің халық кедей. Біз кедей мемлекет екенімізді ашық мойындауымыз керек. Кедей екенімізді Үкімет мойындап отырған жоқ”, – дейді ол.

Айбар Олжай кедей ел екенімізді ресми жариялап, онымен күресу үшін арнайы бағдарлама қабылдану керек екенін алға тартты.

“Макростатистикаға қарасақ, бәрі тамаша. Кедейшілік проблемасы бар деген күннің өзінде “кедейшілікке қарсы күрес” сияқты бағдарлама қабылдануы керек. Персоналды бағдарлама болса да. Мысалы, бір кедейді бағдарламаға енгізіп, “сен төрт жыл ішінде кедей болмау керексің” деген жүйемен оны жұмыспен қамтып, салықтан босатып, несиесін төлеуге жәрдемдесіп, кедейшіліктен құтылудың амалын қарастыру керек”, – деп есептейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде Түркістан облысы кедейшіліктен көш бастап тұрғанын жазған едік.