Жастар арасында ерекше дауысымен танылған зағип әнші Кенжебек Нұрдолдайдың бұрынғы жары Жәмила әлеуметтік желі арқылы Сабыр есімді баланың әкесі Нұрдолдай екенін жария еткен болатын. Нұрдолдай болса, "менің балам емес" деп басын ала қашты. Мұның анық-қанығы "Көреміз" бағдарламасында анықталып, ДНҚ сараптамасы нәтижесінде 4 айлық Сабырдың әкесі Нұрдолдай екені дәлелденді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Алғашқы таныстық
Туғанынан көзі көрмейтін әнші ТМД елдерін бағындырып үлгерді. Танымал ресейлік тележүргізуші Андрей Малаховтың "Песни от всей души" бағдарламасына да қатысып, қалың көпшілікке танылды. Жары Жәмила да өнерден алыс емес. Айтуынша екі жасты өнердегі достары таныстырған.
“Біздің махаббат хикаямыз 2022 жылдың қыркүйек айында басталған. Ортақ музыкант достарымыз арқылы таныстық. Басында дос болып араластық, кейін бір-бірімізге сезіміміз оянып, ғашық болдық. Кенжебек отбасын құрғысы келді. Мен де үлкен өмірге дайын болдым. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, отбасын құрдық. Алдымен менің ата-анаммен танысып, әкемнің батасын алдық. Одан кейін Кенжебектің отбасымен таныстым”, – дейді Жәмила.
Кейінге шегерілген той
Алайда екі жас тойды бірден жасамаған. Оған Кенжебектің ата-анасы асықпаған әрі жақын туысы қайтыс болып, той кейінге шегеріле берген.
“Тойды жаңа жылға дейін өткізбекші болғанбыз. Бірақ ата-анамыз қарсы болды. Кенжебектің жақын туысы қайтыс болғасын жылын өткізгеннен кейін жасаймыз деп сендірді. Әрі бір-бірін жақсы танысын, асықпасын деп ақылдарын айтты. Одан кейін Кенжебектің достары мені ақшасы мен атағына қызықты деп ойлады. Шындығында біз танысқанда оның “Шоколад” деген әні де болмады. Айтуынша, ол әнді маған арнаған еді. Табыс пен атақ, танымалдылық біз танысқаннан кейін болды. Оны шын сүйгендіктен ештеңеге қарамадым”, – деп ағынан жарылды Жәмила.
Меккеден басқа қызбен оралды
Кенжебек былтыр қаңтарда Меккеге барып, сол жақта бір қызбен танысып келген. Қазір олар бірге тұрып жатыр әрі мұсылмандық неке қиып та үлгерген. Ал Жәмила ұлын босанып, жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.
“Ұлым Сабырдың туғанына 14 күн болғанда Кенжебектің басқа қызбен мұсылмандық неке қиғанын біліп қойдым. Ұлым екеумізді үйден қуып шығып, сол қызға кетіп қалды. Кейін Кенжебектің анасы немересін көруге келді. Ол да мұсылмандық неке қиғанын айтып кетті. Кенжебек маған қол көтерсе де, отбасымызды сақтап қалуға тырысып едім. Қатты күйзеліске түсіп, мерзімінен бұрын босандым. Өте көп қан жоғалттым. Бірақ аман-есен ұлымды дүниеге әкелдім. Өз тегіме жаздырдым. “Балаға көмектесе алмаймын, ақшам жоқ” деді. Бірақ сол күні көлік алып жатқанын естідім, – дейді Жәмила.
Бейнебаян емес, шын өмір...
Жалғызбасты ана мұндай ақпаратпен бөлісу өзіне де оңай емес екенін айтады. Ол Кенжебектің өмірде болған шын оқиғаның бәрін жоққа шығарып, бейнебаян деп сұхбат бергеніне ашулы.
“Алматыдағы концертінен кейін мұсылмандық неке қиған отбасы барын, Меккеде танысқанын айтып сұхбат берді. Біздің тойымызды бейнебаянның түсірілімі деп айтқан. Бірақ мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Өзіне хабарласып, “халыққа бірге емес екенімізді айтайық, балалы болғанымызды да жасырмайық, сенің басқа қызға кетіп қалғаның туралы өсекке нүкте қояйық, бір шешімге келейік” деп айтқанымда, “өзара шешілген” деп ат-тонын ала қашты. Мен соңына дейін баламды жалғыз өсіргім келмей, отбасымды сақтауға тырыстым. Ешкімге сыр ашпадым. Алайда сол сұхбатты көргеннен кейін менің де көңілім суыды. Соңғы рет неге өтірік айттың деп жазғанымда, жауап бермей, бүкіл жерден бұғаттап тастады”, – деп ренжіді Жәмила.
Дауға нүкте қойылды
Осылайша, әлеуметтік желі арқылы әділдік іздеген Жәмиланы “Көреміз” бағдарламасының ұжымы шақырып, бұл мәселенің нүктесі қойылды. ДНҚ сараптама нәтижесі бойынша Нұрдолдай Сабырдың әкесі болып шықты. Жәмиланың құқығы қорғалып, баланың тегі мен алиментін өндіріп беру мүмкіндігі туды.