Мессиді қытай жанкүйерлері сотқа бермек

Сырым Қаржас

Қытайда әйгілі аргентиналық футболшы Лионель Месси мен оның Интер Майами футбол командасына байланысты дау өршіп тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Дауға Лео Мессидің “Интер Майами” командасының қатысуымен Гонконгте өткен матчта ойнамай қалуы себеп болған. Бұл сондағы жанкүйерлер тарапынан да, билік тарапынан да үлкен наразылық туғызған. 

Әуелі футболшының матчта ойнайтыны хабарланып, тіпті аргентиналық матч алдында жаттығуға да шыққан. Алайда форвард белгісіз себептермен ойынға шықпай қалды. Алмастыратын ойыншылар қатарында болды.

Стадиондағы жанкүйерлердің ашуланғаны соншалық, олар қымбат билет үшін ақшаны қайтаруды талап еткен. Кейін матчты ұйымдастырушылар Мессиді алаңда көрмегендіктен, сатып алынған билеттер құнының жартысын қалайтындардың бәріне ақшаны қайтару туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды.

Бірақ америкалық клубтың әрі аргентиналық футболшының әрекетіне тек көрермендер ғана ашуланған жоқ. Енді қытай билігі келесі айда Қытайда өтетін Нигерия мен Аргентина құрамалары арасындағы матчты өткізбейтінін хабарлаған. Сондай-ақ, Аргентина құрамасының Бейжіңде өтетін Кот-д ' Ивуар командасына қарсы матчы да өтпей қалуы мүмкін.

Соңғы ақпарат бойынша, ашуланған қытайлық жанкүйерлер футбол жұлдызы мен оның клубын сотқа беруге бекінген.

Мессидің айналасындағы дау басылар емес. Қытай бұқаралық ақпарат құралдары болып жатқан оқиғаның жаңаша мән-жайын жарыса жариялап жатыр. Жанкүйерлер Мессидің портретін өртеу акцияларын бастаған. Аргентина мен Интер Майами құрамаларының жанкүйерлері сатып алған формаларын да өртеген. Сонымен қатар, матчқа келген көрермендер билеттің құны мен моральдық шығынды өтеуді талап етеді.

Бұл дау тек жанкүйерлер арасында ғана емес, сонымен қатар Месси мен оның командасына қарсы сот ісін жүргізуге дайын футбол жанкүйерлері арасында да наразылық туғызып отыр.