Юлия Навальная күйеуі Алексей Навальныйдың ісін жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Менің орнымда басқа адам болуы керек еді. Бірақ ол адамды Владимир Путин өлтірді. Навальныйдың ісін жалғастырамын. Еліміз үшін күресті жалғастырамын, – деді ол Х желісінде жариялаған видеосында.
Сондай-ақ ол Алексей Навальныйдың жақтастарын соғысқа қарсылықты, коррупция мен әділетсіздікке қарсы күресті жалғастыруға шақырды.
«Мен қорықпаймын, сіздер де ештеңеден қорықпаңыздар», – деген ол видеоүндеуін Алексей Навальныйдың «мейірімді адамдар әрекетсіз болғанда зұлымдық үстемдік құрады» деген сөзімен аяқтады.
Еске салсақ, 16 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей билігін аяусыз сынайтын Алексей Навальныйдың колонияда көз жұмғаны хабарланған болатын.
Оның өлімі әлем елдері басшыларын да бейжай қалдырған жоқ. Украина, Латвия, Ұлыбритания, Германия, Франция, НАТО, Еуропалық кеңес басшылары саясаткердің өлімі қасақана болғанын, ол үшін Ресей билігі жауап беруі қажет екенін жазды.
"Үлкен жетілік" елдері де Ресейден колонияда қаза тапқан ресейлік оппозиционердің қайтыс болу жағдайларын түсіндіруді талап етті.
17 ақпанда G7 Сыртқы істер министрлері Италияның төрағалығымен өткен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында кездесті.